БҰҰ Бас Ассаблеясы бұл Конвенцияны 2006 жылдың желтоқсан айында мақұлдап, биылғы жылдың 3 мамырында күшіне енді. Бүгінгі күні оны 25 мемлекет ратификациялады. Конвенцияға 120 ел қол қойып, сол арқылы мүгедектердің құқықтарын қорғап, онда бекітілген міндеттерді орындау мүмкіндіктерін қарастырмақшы.
Жаңа конвенция мүгедектердің құқығын қорғау, оларды қолдауға бағытталған 50 баптан тұрады. Сонымен бірге олардың жұмыс істеу құқығын қамтамасыз ету, денсаулығын сақтау, білім алуға және қоғамдық өмірге қатысу, әділеттілікке қол жеткізу, жеке бостандығына шектеу жасалмауы және тағы да көптеген құқықтары көрсетілген.
БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун атап өткеніндей, конвенцияның идеяларын жүзеге асырудың уақыты келді.
«Біз мүгедектердің өрескел теңсіздігін тоқтатуымыз керек. Біз алалау мен қатып қалған қағидаларды жоюымыз керек. Біз барлық адамдардың дамуын қамтамасыз етуіміз керек. Сондықтан біз мемлекеттерді, ұйымдарды, жеке тұлғаларды бұл бағыттағы жұмыстарға бірігіп күш жұмсауға көндіруіміз керек», — деп мәлімдеді Пан Ги Мун.
Ол құжатқа қол қоймаған мемлекеттерді конвенцияны және оның факультативті хаттамасын ратификациялаудың мүмкіндігін қарастыруға шақырды.
Конвенция қатысушыларының бірінші конференциясында мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитеттің мүшелері сайланып, олар мемлекеттердің осы халықаралық құқықтық құжатын қалай атқарып жатқандығы жөніндегі есептерін қарастыратын болады. Конвенция қатысушылары оның ережелерін жүзеге асырудың ұлттық тетіктерін құруы қажет.
Осы уақытқа дейін мүгедектердің құқықтары бірыңғай халықаралық құқықтық құжатта бекітілмеген болатын. 1982 жылы Бас Ассамблея мүгедектерге қатысты іс қимылдарды жасаудың Әлемдік бағдарламасын мақұлдады. Бұл құжатта бірінші рет мүгедектерге деген көзқарастың негізгі қағидалары қалыптастырылды. Сонымен қатар, Бас Асссамблея 1981 жылды Халықаралық мүгедектер жылы деп жариялаған, ал 1983-1992 кезеңін БҰҰ мүгедектер онжылдығы деп атады. 1992 жылдарындағы онжылдықтарға жасалған шолулар бойынша, көптеген елдердің мүгедектері бұрынғыдай қоғамнан шеттетіліп, құқықтары тапталып отырды.
Бүгінгі күні 650 млн адамның ақыл есі, дене мүшелерінде және сенсорлық ақаулары бар. Көп жағдайда мүгедектер қоғамдық мекемелерге бара алмай, қоғамдық көліктерде жүре алмайды. Сондай-ақ, қоғамда мүгедектер мәдени өмірден тыс қалуда.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті