Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері 1940 жылы 13 ақпанда БҚО, Қаратөбе ауданы, Батпақкөл мекенінде дүниеге келген. Әкеден ерте жетім қалған Ескендір нағашы атасы мен әжесінің қамқорлығында өскен.
Бір қызығы, лирикалық баритон алғаш рет нотамен Оралда музыканттар курсында танысса, ал фортепианоны 19 жасында Құрманғазы атындағы консерваторияның дайындық бөліміне түскен кезде көрген екен. Талантымен танылған балаң жігіт Қазақ радиосында музыка редакторы, кейін Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар институтында хор дирижері, Қазақ радио және телеарна оркестрінің солисі қызметін атқарған.
Бар ғұмырын музыкаға арнаған аты аңызға айналған әншінің орындау мәнері ерекше, денені шымырлатады. «Анаға сәлем» атты алғашқы әнін 1961 жылы жазып, ел арасында кең таныла бастады. Кейін «Асыл арман», «Әдемі-ау», «Сағындым сені», «Бозторғайым» секілді әндер шығарған. Жалпы, 50 жылдан астам уақытта 200-ге жуық ән, романс, хорға арналған шығармалар, фильм мен музыкалық қойылымдарға әуен жазған.
Өнер иесі жары Дарико Хасанғалиеваға «Гүл сезім», «Есіңе ал», «Ескірмеген махаббат» сынды лирикалық әндер арнаған. Ал Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған «Атамекен» әнінің жөні тіптен бөлек. Бар қазақтың аузында жүрген атақты патриоттық ән – ұлттың бойтұмарына айналған теңдессіз туынды. Сондай-ақ, қазақ өнерінің мэтрі «Тақыр», «Нан мен тұз» фильмдеріне, «Студенттер» спектакліне музыка жазды.
Айтпақшы, 2010 жылы Қазақстанда өткен Азиаданың әнұраны болған «Азиада алауы» әні 107 әннің ішінен іріктелгенін біреу білсе, біреу білмес. Әкесінің жолын қуған ұлы Біржан Хасанғалиев те эстрада әншісі, композитор, әке мен ұлдың орындауында «Ескірмеген махаббат», «Студенттер әні», «Ақтілек», «Атамекен» әнімен көрерменнің көзайымына айналған. Артына тастап кеткен мол мұрасы барда біртуар тұлғаның есімі қазақ ән өнері әлемінде мәңгілік сақталады!