Бүгін Ілияс Есенберлиннің туғанына 110 жыл - kaz.caravan.kz
  • $ 515.18
  • 570.66
+18 °C
Алматы
2025 Жыл
11 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бүгін Ілияс Есенберлиннің туғанына 110 жыл

Бүгін Ілияс Есенберлиннің туғанына 110 жыл

Қазақты тарихымен қауыштырған қаламгер Ілияс Есенберлиннің туғанына бүгін 110 жыл!

  • 10 Қаңтар
  • 38
ФОТО: fnn.kz

1915 жылы 10 қаңтарда Атбасар қаласында дүниеге келген жазушының өмірі де, шығармашылығы да қиындыққа толы болды. 5 жасында тұл жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленген болашақ жазушының ішкі жан дүниесі шығармашылыққа жақын еді. Мектепте қабырға газетіне өлең жазған көптің назарына іліккен бозбала мұғалім болып еңбек етеді, Алматыдағы тау-кен институтын бітіреді. Әйтсе де, тарғыл тірлік жетімдіктің ащы кермек дәмін татқан балаң жігіттің маңдайынан сипай қоймады. 1942 жылы соғыстан мүгедек болып оралған жазушы 1949 жылы 10 жылға сотталды.

Саналы ғұмырын әдебиетке сарп етіп, 17 роман жазған Ілияс Есенберлин ең көп роман жазған қазақ жазушысы атанды. Ең қызығы, көркем әдебиеттің түрлі жанрында қалам тербеген қаламгер шығармашылығын поэзиядан бастаған еді. «Айша», «Сұлтан» поэмалары жарық көрсе, «Айқас», «Ғашықтар», «Қатерлі өткел», «Алтын құс», «Маңғыстау майданы» және т.б. романдары толымды әдеби мұраға айналды. Тың тақырып, соны серпін, оқырман сүйіспеншілігі. Жазушы шығармашылығын бірауыз сөзбен осылай сипаттауға болады. Айтпақшы, төл әдебиетте өзіндік қолтаңбасы қалған қазақ жазушыларының ішінде Ілияс Есенбергеннің ғана еңбегі жапон тіліне аударылған екен.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі өмірін әдебиетке арнаған майдангер қылышынан қан тамған кеңестік кезеңнің саясатынан қаймықпады. Оның қаламынан шыққан «Көшпенділер» мен «Алтын Орда» сынды шоқтығы биік тарихи трилогиялары оқырманға етене таныс. Тыңнан түрен салып, тарихи тақырыпта қалам тартқан қабырғалы қаламгердің «Көшпенділері» әлемнің 30 тілінде жарық көріп, 50 рет қайта басылды. Дәл осы еңбектің желісімен 2005 жылы «Көшпенділер» тарихи көркем фильмі түсірілді. Ұлттық әдебиеттің дамуына қомақты үлес қосқан заңғар жазушының толымды туындылары өскелең ұрпаққа мәңгілік рухани азық!