Бүгінде ерікті боламын деген адамға мүмкіндік көп - "Теңіз жүрегі" еріктілер тобы - kaz.caravan.kz
  • $ 495.2
  • 522.34
+6 °C
Алматы
2024 Жыл
21 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бүгінде ерікті боламын деген адамға мүмкіндік көп - "Теңіз жүрегі" еріктілер тобы

Бүгінде ерікті боламын деген адамға мүмкіндік көп - "Теңіз жүрегі" еріктілер тобы

Бүгінде республикалық маңызы бар ірі қалалар мен мегаполистерден бөлек, еліміздің түкпір-түкіпірінде еріктілер жобасы мен волонтерлық қызмет қарқынды дамуда.

  • 30 Қыркүйек
  • 4598
Фото - Caravan.kz

Солардың бірі — қоғам игілігі жолында қызмет етіп жүрген атыраулық «Теңіз жүрегі» еріктілер тобы. Қайырымдылық, білім, мотивациялық кештер секілді бірнеше бағытта жұмыс істейтін еріктілер туралы жоба жетекшісі Жексенбаева Рыстымен Caravan.kz медиа порталының тілшісі сұхбаттасқан еді.

Рысты ханым, әуелі “Теңіз жүрегі” еріктілер жобасын толық таныстырып өтсеңіз.

— «Теңіз жүрегі» еріктілер жобасы Атырау қаласындағы «Жүректен Жүрекке» қоғамдық қоры мен «Тенгизшевройл» компаниясының қаржылай қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба. Біздің жоба өз жұмысын 2023 жылы қантар айында бастады. Жобанын негізгі мақсаты — корпоративтік волонтерлықты дамыту. Бір сөзбен айтқанда, «Тенгизшевройл» компаниясының қызметкерлеріне волонтерлыкты насихаттаймыз. Компания қызметкерлерін офис жұмысынан бөлек, қаланын коғамдык өміріне араласып, ерікті болуға, игі істердің басы-қасында бірге болуга шақырамыз.

Бүгінде жобада қанша ерікті бар? Жалпы сіздердің қатарларыңызға қосылып, волонтер болғысы келетін жастарға қандай талап қойылады?

Қазіргі таңда біздің қатарымызда150-ден астам ерікті қоғам мүддесі, қала игілігі үшін жұмыс істеп жүр. Алайда, бұл еріктілердің барлығы бір шарада, бір уакытта қызмет етеді деп айтсақ өтірік болады. Жобада 2 жыл қатарынан үзбей ерікті болғандар да, бір шараға екі жылда бір рет белсене қатысатындар да бар. Енді біздің қатарымызға қосылам деген жаңа еріктілерге келетін болсақ, жобаның мақсатына сүйену керек болады. Біздің бастапқы мақсат корпоративтік волонтерлықты дамыту болғандықтан біз еріктілерді сол компанияның қызметкерлерінің арасынан іздейміз. Бірақ, қазіргі таңда ерікті болам, қоғамға, айналама пайдамды тигіземін деген адамға мүмкіндік өте көп дер едім. Сондай-ақ, біздің арнайы жобаларда ерікті керек болса, міндетті түрде «Жүректен Жүрекке» немесе «Теңіз Жүрегі» жобаларының әлеуметтік желідегі парақшаларына барлық ақпаратты көрсетіп, хабарландыру саламыз.

Қайырымдылық, тұлғалық даму, тегін speaking club секілді бірнеге бағытта жұмыс істейді екенсіздер. Осы бағыттардың әрқайсысына жеке тоқталып, түсіндіріп өтсеңіз.

⁠- Ия, дұрыс айтасыз бірнеше бағытты қатар алып жүрміз. Жоба барысында біз қарттар үйі, «Шаңырақ» балалар ауылы, кәмелетке толмаған балалар орталығы, сонымен қатар жалпы әлеуметтік осал топқа жататын отбасылармен тығыз жұмыс істейміз. «Мектепке жол», «Мамандықты өз көзіңмен көру», «Отбасылық фестиваль» және әр апта сайын болатын мастер класстар мен воркшоп сынды неше түрлі акцияларымыз бар. Сондай-ақ, өзіңіз айтып кеткен тегін ағылшын speaking club-та жұмыс істейді. Жобаның еріктілері аптасына бір рет «APEC PetroTechnic» колледжі мен Атырау Гуманитарлық университетінде және өзіміздің офисқа келіп балалар мен ересектерге арналған тегін ағылшын сағатын өткізеді. Ағылшын сабағында ағылшын тілін жетік білетін қазақ волонтер немесе экспат волонтер мұғалім болады. Дәл осындай ережемен тегін English speaking club Кұлсары қаласында да жүзеге асып жатыр. Ағылшын тілінде практика керек деген Атырау каласы мен Жылыой ауданының турғындары келіп қатыса алады.

Қазіргі сәт сайын ақпарат жаңарып жатқан жаһандану дәуірінде бейтаныс жандарға мейірімділік таныту, өзгеге қамқор болу — нағыз батырдың ісіне айналып бара жатыр. Өзіңіз, волонтер ретінде еріктілердің қазіргі қоғамдағы орны мен маңызын қалай бағалайсыз?

— Қазіргі ақпарат тасқыны үстемдік еткен дәуірде адамдық қасиет пен мейірімділік нағыз асыл қазынаға айналып барады. Волонтерлар осы құндылықтарды ұстанып, қоғамның жүрегінде үміт отын жағып жүрген жандар. Олар жақсылықты тек сөзбен емес, шынайы іспен көрсетіп, әлемге жылулық сыйлайды. Мен өз басым еріктілерді қоғамның «көрінбейтін батырлары», яғни ақысыз еңбек етіп, жақсылық жасауды өз міндеті ретінде қабылдайтын адамдар деп атайтын едім. Ерікті болу тек қол ұшын беру емес, жүрек жарды мейірім көрсетіп, қамқорлық таныту. Әр волонтер бір кішкентай шырақ, бірақ сол шырақтардың жарығы миллиондаған адамдардың өмірін өзгертуге қабілетті. Волонтерлар арқылы әлем жақсы жаққа өзгеріп, мейірім мен бірлікке толы болмақ. Сондықтан волонтерлардың қазіргі қоғамдағы орны орасан зор, олар адамдарға қолдау көрсетіп ғана қоймай, рухани құндылықтарды сақтап, дамытуға да ықпал етеді.

Ұйымның алдағы жоспарларымен бөліссеңіз.

— Алдағы уақытта қазір жұмыс істеп жатқан бағыттарды одан әрі дамытамыз. Этно-зергерлік ұйымдарды жасайтын қысқа мерзімді курсымыз бар. Осы курста балаларға зергерлік бұйымдарды жасауды үйретеміз. Бұдан бөлек, «Жетістік сыры» атты мотивациялық кездесулер ұйымдастыруды жалғастыра береміз. Жалпы қазір мотивация ұғымы жас баладан бастап егде жастағы адамдарға дейін өте маңызды болып кетті ғой. Біз кездесуге белгілі бір салада жетістікке жеткен волонтер спикерлерді шақырамыз. Спикерлер өз жетістіктерінің құпияларымен бөлісіп, жетістік жолындағы волонтерлықтың орнын айтып кетеді. Бәрімізді біріктіретін волонтерлық қызмет болғандықтан әр кездесу қызықты әрі өте пайдалы болуда. Бір-бірімізге шабыт сыйлайтын осындай сипаттағы кездесулерді алдағы уақытта да ұйымдастыра бермекпіз.