2023 жылы 191 000 қазақстандық, ал былтыр 140 521 ел азаматтары жұмыс істеу үшін шетелге кеткен. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Отандастарымыз жұмыс барысымен жиі баратын елдер қатарында Ресей, Оңтүстік Корея, Түркия, Ұлыбритания және БАӘ бар.
Ұлыбританияда екі жыл бойы маусымдық жұмыстарда істеген Димаш Кеңшілік көпшіліктің шетелге кетуіне жалақы айырмашылығы мен еңбек нарығының жай-күйі себеп болып отыр дейді. Айтуынша, Батыс Еуропа елдеріндегі жалақы мен еңбек жағдайлары әлдеқайда жақсы. Мысалы Ұлыбританияда жұмыс істеген бірнеше ай Қазақстандағы ұқсас кәсіптің жылдық табысына тең кірісті қамтамасыз ете алады. Сондықтан көптеген адам қысқа мерізмде қаржылық мәселелерді шешу үшін осындай қадамға барады.
«Қазақстанда IT саласында маман болып жұмыс істедім, бірақ жалақы күнделікті шығындарды, атап айтсақ, ипотека мен жеке шығындарды әрең жапты. Сол себепті қосымша табыс көздерін табуға тырыстым. Бір сәтте отандық жарнама порталдарының бірінен Ұлыбританияда құлпынай жинау үшін жұмысшылар қажет екендігі туралы көрдім. Жалақы жоғары, ал шарттары ыңғайлы болды. Ойланбастан жұмыстан шығу туралы өтініш жазып, Англияға бардым. Шетелде қара жұмыс істеу ұят емес, өйткені табыс жоғары. Мен құлпынай және жүк тасыалдау саласында жұмыс істедім. Жұмыс күні 10-12 сағатты құрады, сағатына жалақым 5000 теңгеден астам болды», — деді ол.
Еуропада біліктілігі төмен жұмыстарда жұмыс істеуге тек қазақстандықтар ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Румыния және Блогария азаматтары да жиі қызығушылық танытады.
Атап өту керек, Еуропада жұмыс визалары 3 айдан 6 айға дейін беріледі.