Бюджет қызметкерлеріне ел қазынасынан қосымша 274 жарым млрд. теңге бөлінді! - kaz.caravan.kz
  • $ 444.32
  • 473.33
+12 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бюджет қызметкерлеріне ел қазынасынан қосымша 274 жарым млрд. теңге бөлінді!

Бюджет қызметкерлеріне ел қазынасынан қосымша 274 жарым млрд. теңге бөлінді!

Бүгіннен бастап қазақстандық ұстаздар мен дәрігерлердің  табыстары молая түсті; еңбекақылары 30 пайызға көбейтіліп отыр. Бюджет саласының қызметкерлерін қуанту үшін ел қазынасынан қосымша 274 жарым млрд. теңге бөлінді. Бұл қаражат есебінен  сауықтыруға арналған жәрдемақы мөлшері де өсуі тиіс. Ұлғайған жалақының рахатын қызметкерлер айдың соңында ғана көрмек. Дегенмен қазірдің өзінде ақшаны қалай жұмсайтындарын жоспарлап, кейбірі тіпті ғажайып аралдарға саяхат жасауды армандап отыр.

  • 2 Шiлде 2011
  • 727
Фото - Caravan.kz

Қосылған ақша есебінен біреулер жақсы демалысты көздесе, өзгелері бұрыннан тілеген заттарын сатып алмақ. Қалай дегенмен табыс молайса, шығындардың да арта түсетіні анық. Калькулятормен әлек болған Гүлстан Төлеубекова келесі айда 11 700 теңгеге артық жалақы алатынын санап қойыпты. Осыған дейін мейірбикенің еңбегі 39 мыңға бағаланған. 

Гүлстан Төлеубекова, Қарағанды облыстық онкологиялық аурухананың мейірбикесі:

Бұл да енді далада жатқан ақша емес. Отыз пайыз  тағы қосылса да артық емес. Осы   табысымызды инфляция жеп қоймаса екен деп тілейміз.

Білім беру саласында 26 жыл қызмет ететін Жібек Әшірова да осы пікірге қосылады. Тәжірибелі ұстаз еңбекақының өсуін асыға күткен. Оның пікірінше, оң өзгерістер жұмыс сапасына ықпалын тигізбек. 

Жібек Әшірова, Шымкент қаласындағы №7 мектептің мұғалімі:

— Негізі, ұстаз деген  қорғанышы аз,  қоғамда жалақысы төмен қызметкерлердің бірі деп есептеледі. Сондықтан сол жұмыс жақсы болу үшін, мен ойлаймын, ұстаздардың әлеуметтік жағдайы жоғары, қоғамға лайықты болуы керек.

Бұл жолы 1 млн. 300 мыңға жуық қызметкер үшін жалақы өсті, 30 пайызға. Келесі жылдың жоспары әлі белгісіз. Бірақ қазірден бастап шенеуніктер арнайы бағдарламаны әзірлеуде. 


Гүлнар Әлімбекова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтк қорғау министрлігінің Ішкі бақылау департаментінің директоры:

— Бұл жаңа жобаны енгізген кезде қаншама қаражат қажет екенін, соның барлығын есептеп, егер де қаражат жағы жақсы болса, мүмкін келесі жылдары жаңа  жүйе енгіземіз.

Аталмыш жүйеге сәйкес, әр қызметкердің жалақысы жеке есептеледі. Ынталандыруға ерекше назар бөлінген. Яғни,маман еңбегінің жемісіне  сай  тұрақты сыйақы алады. Ал бүгінгі өзгерістерге сәйкес, орташа жалақы шамамен 15 мың теңгеге өсті. Инфляция деңгейі  туралы сарапшылардың пікіріне сенсек, алдағы бес жылдың ішінде 8 пайыздан аспауы тиіс. 

Соңғы жаңалықтар