Ресми жауапта көрсетілгендей, Руслан Ерденаев пен Дабыр Медетбековке ҚР ҚК-нің 189-бабының 4-бөлімі (Бөтеннің сеніп тапсырған мүлкін иемденіп алу немесе талан-таражға салу), ҚР ҚК-нің 366-бабының 4-бөлімі (пара алу) бойынша қарастырылған қылмыстарды жасады деген күдік келтіріліп отыр. Бұдан бұрын Ерденаев пен Медетбековке 189-бабаптың 4-бөлімі бойынша – бір баппен ғана айып тағылып отырғаны хабарланған. Сәуір айында Алматы қалалық сотында "БЖЗҚ" АҚ басқарма төрағасы Руслан Ерденаевты қамауға алу мерзімінің мамыр айының соңына дейін ұзартылғанын хабарлаған.
"Алматы қалалық сотының қаулысымен күдікті тұлғалар – "БЖЗҚ" АҚ басқарма төрағасы Руслан Ерденаев, қаржы қатерлері басқармасының басшысы Мұса Бахытов, "АлатауМұнайАлтын" АҚ бақылау кеңесінің төрағасы Бақытжан Кенжебаев, Бузгул Аурум" ЖШС директоры Азат Найзағаринге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы бес айға дейін, яғни 2017 жылғы 28 мамырға дейін ұзартылды", — деп хабарлады сотта. Тергеу деректеріне сәйкес, "БЖЗҚ" АҚ басқарма төрағасы Руслан Ерденаев "Бузгул Аурум" компаниясының 500 мың облигациясын жедел сатып алу үшін бағынуындағы қызметкерлеріне "қысым жасаған". Қаржы қатерлері басқармасының басшысы Мұса Бахытов бастапқыда күмәнді мәміледен бас тартуды ұсынған, алайда уақыт өте ол мұндай инвестициялады қауіпті деп санауды қойған. Нәтижесінде БЖЗҚ Бузгул Аурум" ЖШС директоры Азат Найзағариннің жасанды құжаттар ұсынғанына қарамастан 5 миллиард теңгеге бағалы қағаздар сатып алған. ҰҚК болжамы бойынша қаражат "Бузгул Аурум" ЖШС құрылтайшысы Бақытжан Кенжебаевтың қалтасына түскен.