БЖЗҚ жарнамаға 277 млн теңге жұмсаған: Жалғыз зейнетақы қоры жарнаманы қажет ете ме? - kaz.caravan.kz
  • $ 444.32
  • 473.33
+17 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
БЖЗҚ жарнамаға 277 млн теңге жұмсаған: Жалғыз зейнетақы қоры жарнаманы қажет ете ме?

БЖЗҚ жарнамаға 277 млн теңге жұмсаған: Жалғыз зейнетақы қоры жарнаманы қажет ете ме?

БЖЗҚ жарнамаға 277 млн теңге жұмсаған: Жалғыз зейнетақы қоры жарнаманы қажет ете ме?

  • 31 Шiлде 2019
  • 23
Фото - Caravan.kz

2018 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жарнама мен маркетингке 277 млн теңге жұмсап, 30 мыңға жуық материал жариялаған. Қор өкілдері түсіндіргендей, ақылы материалдардың үлесі тек 1%-ды құраған. Олар түсіндіру-хабарландыру жұмыстары өз нәтижелерін беріп, белсенді салымшылардың үлесі өскенін атап өтті. Сонымен қатар салымшылардың БЖЗҚ-ға деген сенімі де өскен. Сол сенімді Қор ақтай алып отыр ма? Жұмыс күндерін есептемегенде, күніне 1 млрд теңгені маркетинг пен жарнамаға жұмсаған қаншалықты дұрыс? Stan.kz тілшісі танымал саясаттанушылар мен экономистерге хабарласып, пікірлерін білген еді.

Айта кетсек, ең қызығы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры коммерциялық жарнамаға бір тиын да жұмсалмағанын, барлық шығын тек ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына кеткенін хабарлады.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

Соңғы  5-10 жыл ішінде зейнетақы реформасын бәріміз көріп те, біліп те отырмыз. Ол шығыннан шығынға батып, түрлі былықтарға еніп отырған, күдікті жобаларға елдің ақшасын сарп етіп отырған басы даудан арылмаған реформа. Жалпы әлемдік тәжірибе бойынша қарасақ, бұл биліктің де, үкіметтің де ақшасы емес. Бұл — әрбір азаматтың жеке жинаған қаражаты. Зейнетақы қоры әлеуметтік мәселе болғандықтан барлық өркениетті елдерде оны қалай да сақтап қалуды, мүмкін болса пайызын азайтуды және күдікті жобаларға араласпауды жөн санайды. Өйткені бұл — зейнет жасына келгенде алатын халықтың ақшасы.

Бізде осындай жауапкершілік, кәсіби деңгей де жоқ. Соның нәтижесінде осы былықтарды көріп отырмыз. Осыған дейін зейнетақы қорына 10 пайыз төленіп отырса, қазір оны 5 пайызға өсіріп отыр. Осы жағдай нені білдіреді? Бұл қаражатты билік орындары өзінің жеке ақшасы санап, ойына келсе солай жұмсай салуды жөн көретін сияқты. Барлық жыртығын жамау үшін зейнетақы қорын пайдаланады. Ал негізінде мұндайға оның ешқандай заңдық, моральдық құқығы жоқ. Сіз де, мен де — салымшымыз. Біз жинаған қорымызды жөн-жосықсыз ЛРТ-ға немесе Әзірбайжан елінің банкісіне салуына, банкротқа ұшыраған «Astana» және «Qazaq» банк сияқты банкті құтқаруға рұқсат берген жоқпыз. Бірақ бізден сұрамай осы ақшаны салып жатыр, құртып жатыр. Бұл — мемлекеттің, биліктің ақшасы емес.

Зейнетақы қоры әлеуметтік маңызы зор мәселе болғандықтан оған жауапкершілікпен қарау керек. Бізде қоғамның алдында ешкім жауап бермейді. Уақыт өткеннен кейін ғана қаншама шығын болғаны жария етіледі. Бұған түсініктеме беріп жатқан да ешкім жоқ. Не қашып тынады, не болмаса жабылып тынады. Немесе оның орнына жаңа біреу тағайындалады. Бірақ ол сол күйінде жабық қалып отыр.

Денис Кривошеев, сарапшы:

Ұлттық компаниялар жарнама мен маркетингті мұқтаж етпейтіні жөнінде бірнеше рет жазылып та, айтылып та келе жатыр. Мысалы, «Самрұқ Қазынаны» спорттағы жетістіктер арқылы жарнамалап не қажеті бар? Миллиардтаған қаржы ешқандай да нәтиже көрсетпеген футбол, велосипед, хоккей командаларын қамтамасыз етуге кетіп жатыр.

Ұлттық қор өзінен бірдеңе сатып жатқан жоқ қой. Олардан тек таза, әрі тиянақтылық қана талап етіліп отыр. Мына нәрсені айтайын, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры осындай шығын шығарып жатқан жалғыз мемлекеттік қор емес. Мысалы, Ресейде бұл жүйе белсенді түрде жарнамаланады. Зейнетақы жинақтаушы қорына салым салу кәрілік кезінде өте маңызды екенін көрсетіп жарнамалайды. Бірақ көрші елде зейнетақы қорын жарнамалауға қанша шығындалатыны белгісіз, бірақ Қазақстан үшін 300 млн-ға жуық сома қомақты ақша және БАҚ бюджеттеріне үлкен кіріс болуы тиіс еді. Алайда, түсінгенімше, қатты кіріс те болмаған. 

Есенғазы Қуандық, Тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Саясаттану негіздері» кітабының авторы: 

Зейнетақы қорын жарнамалаудың қажеті не? Мұндай саяси сауатсыз адамдарға болмаса, жалпы халықтың қазір көзі ашық. Жарнаманың қажеті жоқ. Бұл ақшаны желге шашу болып саналады. Жарнаманың артында біреулер пайда тауып отыр деп ойлаймын. Мысалы, жарнама бізге жасалды делік. Бірақ олар жарнаманың жасалғандығы туралы бізге қалай есеп береді? Сол жасаған дүниелерін менің оқығанымды, пайдама асырғанымды олар қайдан дәлелдейді? Өтірік есеп бере салады.

Бұл баяғыдан Кеңес үкіметі кезінде бар дүние. Өтіріктен жүздеген адам жиналды дей салады да, ақшаны өздері жеп отыра береді. Жарнаманы көрген халық оны санасына сіңіруі керек. Бірақ бізде ешқандай есеп жоқ қой. Бұл тағы да халықты ақымақ қылу. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» деп айтушы еді. Бұл да сол болып тұр. 

Ерлан Саиров, саясаттанушы: 

Мемлекет басқа елдерге қарап осындай шешім шешкен болу керек. Негізі бәсекелестік жасаған дұрыс. Бірақ бұл жұмыс асығыстықтан жасалынып отыр. Салымшылар салған ақшасын күнделікті көріп отыратындай етіп ойластыру керек.

Ал зейнетақы қорына жарнама жасауға мүлдем қарсымын. Өйткені оған жарнама жасамаса да халық біліп отыр. 

Соңғы жаңалықтар