Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлады.
Ең қызығы ақынның үш баласының да туған күндері бірдей. Қуанышты хабар жайлы айтыскер былай деп жазды:
"Осыдан 22 жыл бұрын дәл осы күні алғаш рет ӘКЕ атандым. Аллаға шүкір, ұлымның есімін Данияр атты досымның құрметіне қойдым. Көп ұзамай ол досым да ұлды болып есімін Балғынбек деп қойды.
Ол ол ма?! Дәл осыдан он жыл бұрын бесінші ұлым дәл осы күні дүниеге келді. Есімін пайғамбарымыздың (с.ғ.у.) көкесіндей батыр болсын деген ниетпен Хамза деп қойдым. Екеуінің арасы бір мүшел. Екеуі де барыс жылы желтоқсанның 23 күні туған. Дәл осы күні Елдос деген досымның да туған күні. Екеуміз 1990 жылы Қырымдағы "Артек" пионер лагерінде танысқанбыз.
Ол ол ма?!! Дәл бүгін биылғы жылы тағы бір сәбиім дүние есігін ашты. Сафия атты қара қыз келді Қазақияға. Алла бұйыртса, бәйбішем "Алтын Алқаның" иегері атанбақ.
Сіздерден сүйінші сұрасам айып етпессіздер! Қазақ еліне тағы бір сәби!
Осынша нығмет берген Аллаға шүкіршілік етемін. Сіздерге де осындай бақыт, осындай қуаныш тілеймін!
Үш баласының туған күні бірдей кім бар екен? Егер табылып жатса менен үш баласына да сыйлық!",- деп жазды ол.