Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы BAQ.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Тегін құрал
Қазіргі таңда ChatGPT-ны пайдалану тегін. Компания желіні тәжірибе жүзінде сынап көру үшін және мәліметтер жинау мақсатында қолданушыларға пайдалануға мүмкіндік берген.
ChatGPT Google-ды алмастыруы мүмкін бе?
Бұл сұрақ көптің көкейіне келуі мүмкін. Алайда Google LaMDA деп аталатын жасанды интеллект чат-ботын жасап қойған. Егер іздеу жүйелерін чат-бот алмастыратын болса, бұл өзгеріс іздеу жүйесі арқылы маркетинг жасап отырғандарға ауыр тиеді.
Бүгінгі таңда Microsoft ChatGPT-ті Bing іздеу жүйесіне біріктіргісі келеді және OpenAI-ге 10 миллиард доллар инвестициялауды жоспарлап отыр.
ChatGPT — сатылымдағы, яғни пайда табу үшін жасалған дүние. Келешекте OpenAI ChatGPT-ті жаңартатын болады. Боттың жеке логикасы жоқ, тек өз бетінше бар ақпаратты өңдейді.
23 сағат ішінде студенттің дипломын жазып берген
Ресейлік студент Александр Жадан жасанды интеллект арқылы 23 сағат ішінде дипломын жазған. «Коммерсант» басылымының хабарлауынша, түлек Александр Жадан нейрондық желіден дипломдық жоспарды құрастырып, содан кейін бүкіл мәтінді жазып беруді сұраған. Жұмыс антиплагиаттан өтіп, 82 пайыз бірегейлікке ие болған. Студент «қанағаттанарлық» баға алды.
Google корпорациясының Қазақстандағы агенті, IT Product & Project-менеджер Нұржол Табиғаттың айтуынша, мұндай жасанды интеллектің түрі бұрыннан бар.
Жасанды интеллект — өткен ғасырда теориялары жасалып, сынақтап өткен. Қазіргі таңда трендке айналды. Бұл жүйе Google бетіндегі қаншама петабайт ақпаратты жинап оған сараптама жасап, кейін белгілі бір алгоритмдер бойынша шешім шығарады. Адам физикалық тұрғыда ондай ақпаратты аз уақытта жинақтай алмайды. Ал робот үшін бірнеше секунд, — деді Нұржол Табиғат.
Сарапшы дамыған елдерде әлдеқашан көрініс тапқанын атап өтті.
Мәселен, көлік жасау саласында қаншама бөлшектерге тапсырыс беру қажет. Қазіргі таңда бұл жұмыстың бәріне жасанды интеллект көмектеседі. Компанияның уақытын және қаржысын тиімді пайдалануға септігін тигізеді. Мысалы, чат-бот бөлшектерді тиімді бағада іздей алады. Сонымен бірге әлемде әртүрлі жағдай болып жатыр. Көлікке арналған тиімді дәліздерді тауып береді, оның қандай көлік болу керегін айтады. Сол арқылы мейлінше сапалы жұмыс жасауға көмектеседі. Тағы бір мысал, компанияда 10 мың жұмысшы істейді десек, олардың бәрінің жұмыс сапасын тексеріп отыру мүмкін емес. Ал жасанды интеллект арқылы мейлінше сапалы, тиімді қадағалауға мүмкіндік береді, — деді Google корпорациясының еліміздегі агенті.