Қазақстан теннисшілері Чехия құрамасын 5-7 сәуір аралығында Астанада қабылдайтын болды, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санында (авторы Ғалым Сүлеймен).
Бұл біздер үшін қуанышты жайт. Себебі чехтар өте азулы команда. Олар Дэвис кубогы жолындағы жарыста мол тәжірибе жинап, талай рет табысты өнер көрсеткен. Чехия теннисшілері өз тарихында аталмыш жарыста төрт мәрте топ жарды. Былтырғы жылы да қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені олжалады. Бұл күндері олар әлемдік рейтингте екінші орында тұр. Десек те, қазақстандықтар 2011 жылы Дэвис кубогының 1/8 финалында чехтармен күш сынасып, жеңіске жеткен едік. Сол кезде біздің бұл табысымыз «Сенсация!» деп бағаланды. Енді сол нәтижені қайталауға тиіспіз. Егер Астанада өтетін кездесуде бағымыз жанып, жартылай финалға жолдама алып жатсақ, онда бұл ел спорты тарихындағы теңдессіз оқиғалардың бірі әрі бірегейі болары анық.
Естеріңізге сала кетейік, Дэвис кубогының 1/8 финалында Қазақстан құрамасы Австрияны 3:1 есебімен ұтқан. Чехия дәл сондай есеппен Швейцарияны қапыда қалдырды. Айтулы қос командадан бөлек, ширек финалда Канада мен Италия, АҚШ пен Сербия және Аргентина мен Франция құрамалары күш сынасады.