Чемпиондар шайқасы: Дүниежүзілік бокс сериясының кубогы кімге бұйырады? - kaz.caravan.kz
  • $ 502.57
  • 591.68
+1 °C
Алматы
2025 Жыл
30 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Чемпиондар шайқасы: Дүниежүзілік бокс сериясының кубогы кімге бұйырады?

Чемпиондар шайқасы: Дүниежүзілік бокс сериясының кубогы кімге бұйырады?

Осы сенбі, жексенбі күндері, яғни 20-21 маусымда Астана тұрғындары мен қонақтары жан алып, жан беріскен керемет бокс кешінің куәсі болады.    

  • 19 Маусым 2015
  • 630
Фото - Caravan.kz

Елорда төріндегі «Дәулет» спорт кешенінде Дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) ақтық сайысына жолдама алған қос команда «Астана арландары» мен «Куба қабыландары» чемпиондық атаққа таласады.

Екі команда да биылғы маусымда алдарына қара салмай, топтық турнирде жеке-дара көш бастады. Жартылай финалда да өз қарсыластарын ойсырата ұтқан олар бас жүлде үшін таласу құқығына ие болды. Енді екі мықтының өзара нағыз чемпионды анықтайтын кезі де келіп жетті. Осы орайда, Дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) жобасында қандай командалар өнер көрсеткені туралы қысқаша тоқталып өтсек.

Биылғы бесінші маусымда жалпы 16 команда сынға түсіп өз бақтарын сынады. Осы жылды қосқанда, яғни бес маусымда WSB туы астында барлығы 24 команда бақ сынады. Ал бірінші маусымда чемпион атанған Франция клубы бұл жобада екі-ақ маусым «жұдырықтасты». «Paris United» алғашқы маусымда чемпион болып, екінші маусымда ширек финалмен шектеліп, үшінші маусымда көзден таса болды.

Сондай-ақ Түркия командасы да Бүкіләлемдік бокс сериясында екі маусым өнер көрсетті. Ал Корея, Үндістан және Таиланд клубтары бір маусым өнер көрсетті де ары қарай жоқ болып кетті. Германия клубы да үш маусым ғана өнер көрсетіп, шаршы алаңмен қош айтысты. Біз бұл деректерді бекерден бекер айтып отырған жоқпыз. Себебі, біздің «Астана арландары» — WSB жобасына тұрақты түрде бес жыл қатарынан қатысып келе жатқан алты команданың бірі екенін ерекше атап өткіміз келеді.

«Арландардың» жұлдесіз қалған жылы жоқ

Қазақ бокс мектебінің тамыры тереңде жатқанын «Астана арландары» әлемге жыл сайын дәлелдеп келеді. Осыған дейін WSB жобасында бес жыл өнер көрсеткен боксшыларымыз жыл сайын жүлдесіз қалып көрген емес. Елордамызда құрылған «Арландарымыз» 2013 жылы WSB додасының чемпионы атанды. Ал  2011 жылы финалда Франция боксшыларына бір ғана есеп айырмашылығымен есе жіберіп, күміс медальді қанжығасына байласа, 2012 және 2014 жылдары үздік үштікті түйіндеп, қола медальға қол жеткізді. Міне, биыл тағы финалға шығып тұрғанымызды ескерсек, бес жыл бойы жерлестеріміз жүлдесіз қалған жоқ. Дүниежүзілік бокс сериясы жобасында жеңіп алған жүлделері жағынан ешбір команда қазақстандық «Астана арландарының» шалымына жетпейді.

Жалпы биылғы маусымда «Арландар» жанкүйерлерінің үмітін селге кетірген жоқ. Қатарынан 13 жекпе-жекте қарсылас шақ келтірмей, мерейімізді асырған жерлестеріміз тек топтық турнирдің соңғы сайысында ғана Италия боксшыларынан 2:3 есебімен ұтылып қалды. Алайда, бұл бір жеңіліс «Арландарымыздың» өз тобында топ бастауына еш кедергі бола қойған жоқ. Себебі, жерлестеріміз алға қойған жоспарын алдын ала орындап, плей-офф мәселесін күні бұрын шешіп тастаған болатын. Сол себепті де бір сәтсіздік бізге кері әсерін тигізе қойған жоқ. Сондай-ақ, бұл жеңіліс біздің боксшылардың әлсіздігін де көрсете алмады. Ойлай дейтініміз жартылай финалда біздің жігіттер Ресей құрамасын тас-талқан етті. Есеп: — 9:1.

Куба қабыландары» осал емес

Ертеректе «бокс» десе, кубалықтар бірден есімізге оралатын. Себебі, кубалықтар әлемдік аренада бокстағы жетістіктерімен мақтана алатын ел. Біз «Куба қабыландары» осал емес екенін жақсы білеміз.

Өткен жылғы маусымға «Куба қабыландары» аталмыш жобаға тұңғыш қатысып, соған қарамастан бірден чемпион атанды. Ал, биылғы маусымда да «Қабыландарға» өз тобында қарсы тұрар бірде-бір команда болмады. Кубалықтар алдына келгенін «жайпап» қана отырды. Нақтырақ айтсақ, WSB додасындағы бірде-бір команда Бостандық аралы өкілдеріне қарсы тұра алмады. Жартылай финалда кубалықтар Мексика боксшыларын сең соққандай етіп, 10:0 есебімен ойсырата ұтты.
Міне, жоғарыдағы атап өткен нәтижеге қарап-ақ «Куба қабыландарының» өзге командалардан көші әлдеқайда ілгері, әлеуеті әлдеқайда зор екенін аңғаруға болады.

Ал, «Арландарымыз» туралы жоғарыда атап өттік. Енді қос мықтының жолы түйіскелі отыр. Бұл бір «жан алысып, жан беріскен» керемет бәсеке болғалы тұрғаны анық. Жерлестеріміз өз шаршы алаңында жергілікті жанкүйерлердің бетін жерге қаратпайды деген үміттеміз.

Кубадан Астанаға кімдер келді?

Жасыратыны жоқ, Астанаға келген қарсыластарымыздың осалы жоқ. Олардың сапында кілең ығай мен сығайлар өнер көрсетпек. 49 келідегі Йоанис Оскар Перес, 52 келідегі Йосвани Вейтиа Сото, 75 келідегі Арлен Лопес Кардона және аса ауыр салмақтағы Леньер Енис Перо Юстис сынды боксшылар әлем біріншіліктерінде, сонымен қатар Пан-Америка ойындарында жүлдемен оралып жүрген мықтылар екен.

Ал, 56 келі салмақта Робейси Рамирес Каррасана бар. Ол 2012 жылғы Лондон олимпиадасының чемпионы. 60 келі салмақта Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлемнің екі дүркін чемпионы Лазаро Альварес те өз елінің намысын қорғауға алыстан ат арытып жетіпті. 64 келі салмақта әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ясниэль Толедо Лопес те бар.

Ал 69 келі салмақ дәрежесіндегі жұдырықтасуға келген Рониель Иглесиас Сотолонгоның аты аңызға айналған боксшы десек артық айтқандық емес. Ол — Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері және 2009 жылғы әлем чемпионы екенін жақсы білеміз. 81 келі салмақта өнер көрсететін Хулио Сезар де ла Круз да осал боксшы емес. Ол екі дүркін әлем чемпионы. 91 келіде бақ сынайтын Эрисланди Савон да  мықты боксшылардың бірі екенін бокс сүйер қауым жақсы біледі. Міне, «Куба қабыландарының» құрамы осындай ең мықты боксшылардан жасақталған. Жасыратыны жоқ, «Астана арландарының» негізгі құрамында өнер көрсетіп жүрген біздің жігіттерге жоғарыдағы атақтардың бірде-бірі бағынған жоқ.


Мықтының мықтылығын айту әбестік емес. Бірақ, біздің жігіттер ешкімнің атақ-даңқынан сескенейін деп тұрған жоқ. Ең бастысы биылғы жылдың шешуші додасы өз елімізде өткелі отыр. «Арландардың» басты мақсаты — Бүкіләлемдік бокс сериясының 2 дүркін чемпионы атану.  Сондықтан жерлестеріміз жеңісті оңай бере қоймасы анық.

Кім, кіммен жұдырықтасады?

Бірінші күні

49 келі:

Теміртас Жүсіпов (қосалқы құрамда — Мардан Берікбаев) — Йоанис Оскар Аргилагос Перес;

56 келі:

Қайрат Ералиев (Мейірболат Тойытов) — Энди Круз Гомез (Робейси Элой Рамирес);

64 келі:

Самат Бәшенов (Асхат Уәлиханов) — Ясниер Толедо Лопес;

75 келі:

Мейірім Нұрсұлтанов (Ерік Әлжанов) — Арлен Лопес Кардона;

91 келі:

Василий Левит (Мұхамеджан Еркін) — Эрисланди Савон Котилла

Екінші күні 

52 келі:

Олжас Сәттібаев (Мирас Жақыпов) — Йосвани Вейтиа Сото

60 келі:

Зәкір Сафиуллин (Ержан Мұсафиров) — Ласаро Хорхе Альварес Эстрада

69 келі:

Асланбек Шымбергенов (Мадияр Әшкеев) — Роньель Иглесиас Сотолонго

81-келі:

 Нұрдәулет Жарманов (Әли Ахмедов) — Хулио Сесар ла Крус Пераса

+ 91 келі:

 Иван Дычко (Филипп Хргович) — Йоханди Тойрак Ортега.

Финалдық жекпе-жек 20-21 күндері Астананың «Дәулет» спорт кешенінде сағат 17.00-де басталады. Бірінші күні боксшылар 49, 56, 64, 75 және 91 келі салмақта жұдырықтасса, келесі күні қалған салмақ (52, 60, 69, 81, +91) дәрежелерінде жеңімпаздарды анықтайды. Егер кездесу тең аяқталар болса, онда жеңімпаз команда 56 келі салмақ дәрежесінде өтетін қосымша жекпе-жекте анықталады.

Керек дерек

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, Куба боксшылары Олимпиада ойындарының тарихында ең көп медаль алған екінші мемлекет (АҚШ-тан кейін). 1896 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан олимпиялық ойындарда кубалықтар 34 алтын, 19 күміс, 14 қола медаль жеңіп алды. Барлығы — 67 медаль. 1992 жылы Барселонада өткен Олимпиада ойындарында Кубаның 9 боксшысы финалға шығып, соның 7-еуі бас жүлдеге ие болды. 

Әлемде Олимпиада ойындарында үш дүркін чемпион атанған үш боксшы бар. Соның екеуі Куба елінің өкілі — Теофило Стивенсон мен Феликс Савон.  Т.Стивенсон 1972, 1976 және 1980 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы атанса, Феликс Савон 1992, 1996, 2000 жылғы Олимпиадада жеңімпазы. 

Бокстан тұңғыш әлем чемпионаты 1974 жылы Куба астанасы Гавана қаласында ұйымдастырылды. 

Олимпиада тарихында ең көп медальді АҚШ құрамасы иеленген болса, әлем чемпионатының тарихында Куба боксшылары көш бастап тұр. Кубалықтар осыған дейін өткен әлем чемпионатында жалпы 122 медальге ие болды. Оның 67-сі алтын, 31-і күміс, 24-і қола медаль. 

Әлем чемпионатында 6 дүркін әлем чемпионы атанған кубалық Феликс Савон ғана. Ал, Хуан Эрнандес Сьерра әлем чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы атанған боксшы. Бұдан бөлек, кубалықтардың арасында Теофило Стивенсон, Роберто Баладо, Адольфо Орто, Марио Кинделан, Облъянер Солис Фонте сынды әлемнің 3 дүркін чемпиондары бар. 

1993 жылғы әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Куба құрамасы 11 медаль жеңіп алды. Оның 8-і алтын, 3-еуі күміс медаль.

Дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) финалында Куба құрамасынан Рио-де-Жанейро Олимпиадасына лицензиясы бар алты боксшысы қатысады. Олар — Йосвани Вейтиа, Ласаро Хорхе Альварес Эстрада, Ясниер Толедо Лопес, Арлен Лопес Кардона, Хулио Сесар ла Крус Пераса және Эрисланди Савон Котилла.

Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера