"Черчесов шектен шықты": Қазақ тілінің тапталған намысының құны 738 мың теңге екен - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Черчесов шектен шықты": Қазақ тілінің тапталған намысының құны 738 мың теңге екен

"Черчесов шектен шықты": Қазақ тілінің тапталған намысының құны 738 мың теңге екен

Ел шулап кеткен соң ұялған болуы керек, Черчесовке 200 АЕК көлемінде айыппұл салыныпты.

  • 17 Қазан
  • 69
Фото: facebook.com/kazybek.isа

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов осымен бірнеше рет қазақ тіліне тіл тигізіп, халықтың наразылығын тудырып келеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Енді міне, кеше тағы да осы келеңсіздік қайталаныпты. Черчесов Словенияға қарсы ойыннан кейін, кезекті рет жеңілістен соң баспасөз мәслихатында өзіне қазақ тілінде сұрақ қойған тілшіні тағы келемеждепті… Черчесовтің қазақша сұрақ қойған журналиске «Сен қазір французша сөйлеп тұрсың ба” деуі халықтың наразылығын тудыруда. Өткен жолы осетин тіліне, бұл жолы француз тілімен шатыстырады. Әйтеуір, тек Мемлекеттік тіл – Қазақ тілі болмауы керек.

Туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясынан болған оқиғаға қатысты түсініктеме беруін талап етіп, ресми сауал жолдады. Хатта «Конституция мен «Тілдер туралы» заңда қазақ тілінің ерекше мәртебеге ие екендігі және оны барша азаматтар құрметтеуге міндетті» екені айтылған. «Министрлік ұлттық құраманың бас бапкерімен мемлекеттік тілді құрметтеу қажеттілігіне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді талап етті»,-дейді ведомство хабарламасында.

Сонымен бірге Черчесов мемлекеттік тілді кекеткені үшін 750 мың теңгеге жуық айыппұл төлегені туралы ақпарат тарауда. Ал Федерацияның жауабында, Черчесовтың қазақ тілі мен оның мәдениетіне аса құрметпен қарайтыны жазылған, және мәслихаттағы оның іс-әрекеті тек «әзіл» болған екен.

«Черчесовтың әзілі, әрине, шектен шығады. Онымен жеке сөйлесіп, мемлекеттік тілдің өзектілігі мен басымдығын түсіндірдім. Онымен әңгімелесіп, жұмыс істедік. Оған айыппұл салынды», — деді федерация басшысы Әділет Барменқұлов.

Белгілі болғандай, бапкер қазақ тілінің курстарына жазылған екен. Алайда осы уақытқа дейін тек бір сабағына қатысып үлгеріпті. Федерацияның айтуынша, жаттықтырушы бар уақытын футболға арнайды, сондықтан қазақ тіліне уақыт бөле алмайды.

Естеріңізге сала кетейік, Станислав Черчесов ұлттық құраманың бас бапкері болғалы бері тек жеңілумен келеді. 640 миллион теңге алатын Черчесовтың футболымызды ұшпаққа шығаратыны қайда? Черчесов келгелі бері ұлттық құрамамыз әр ойында алды 4:0 болып, ойсырай жеңілуде. Бір рет қана ең бірінші ойында өзіміздің Алматыда болғасын Норвегиямен өліп-өшіп зорға теңесті… Есеп 0:0. Одан кейін тек ұтылу! Словениядан 3:0 болып оңбай жеңілді. Австриядан 4:0 болып ойсырай жеңілді. Ең ақыры кеше 13 қазанда өз елімізде, Алматыда тағы да Словениядан 1:0 болып ұтылды. Қайта Черчесов келгенге дейін біздің футболдың жағдайымыз анағұрлым жақсы еді… Бұндай масқара жеңілу бұған дейін баяғыда, 2012-2013 жылы әлем чемпионатына іріктеуде ғана кездескен… Одан кейін бұлай Черчесовше шегіне жеткен құлдырау болмаған! Сонда біздің Федерация әлпештеп, ақшаға көміп отырған Черчесов басқаратын ұлттық құраманың қақпасына 4 айдағы 4 ойында 8 гол кірген!?. Қарсыластарға бір де бір гол салмаған! Сонда 640 миллион теңгені Черчесовке өзіміздің ұлттық құрамаға қаптаған гол салдырып, ойсырай ұтылғанымыз үшін төлеп отырмыз ба? Яғни, біз Черчесовке біздің ұлттық құраманың қақпасына қарсылас командалар салған әр гол үшін 80 миллион теңге төлеп отырмыз жылдық жалақысына шақсақ!? Қателеспеңіз, қарсыластарға салған гол үшін емес. Өйткені, осы уақытқа дейін, қарсыластарға біздің Черчесов басқаратын құрама бір де бір гол салмаған…

«Жылына 635 628 550 теңге жалақы алатын адамға 740 мың теңге деген не тәйірі. Тіпті, соны федерацияның бюджетінен төлей салған шығар, құдай біледі… Торайша шыңғыртып тұрып, 15 тәулікке жауып тастамай ма? Ұлттық құрама бұл тақырбас болса да, болмаса да ұтыла береді ғой, сірә…», — деп шүйлікті Алмас Алтай.

Қазақтың тілінің, тапталған намысының құны 738 мың теңге екен…

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Президент спорт саласын тазалауға, тәртіп орнатып, жетістік пен нәтиже шығаруға жіберген Ербол мырзаның ерлейтін кезі келіп тұр деді.

«Бас бапкердің бұған дейінгі сұхбатында «Қазақстан орыс тілді» деп айтуы, елімізді әлі тәуелсіздік алмаған дегенмен бірдей. Черчесовті шақырған шенеуніктер Қазақстанның 33 жыл бұрын тәуелсіздік алғанын біле ме? Білмесе, олардың да, Черчесовтің де есіне салып қою керек осылай! Бұл баяғыдан айтып келе жатқан Мемлекеттік тіл туралы заң керектігі күн санап өшіп бара жатқанын, еліміздегі ең басты мәселе екенін көрсетеді. Біз өткен жолы да, бұл жолы да Мемлекеттік тілді – мемлекеттік мүддені қорғаған ұлтшыл журналист бауырларымыз Нұрсұлтан Құрман мен Бекасыл Сейтханға көп рахмет айтамыз. Бұл бұдан бірнеше жыл бұрын журналистерге қарата айтқан: «Тәуелсіз Қазақ Елінде кім болса да, ұлтына қарамай тек мемлекеттік тілде сұрақ қою керек!» -деген кеңесіміздің босқа кетпегенін білдіреді.

Биыл 30 жылда алғаш рет азаматтық алу үшін мемлекеттік тіл білуді міндеттейтін заң қабылдадық. Мысалы, қарапайым деңгейде мемлекеттік тілді білмеген, еліміздің тарихы мен Конституциясының негіздерін білмеген жағдайда азаматтық берілмейді. Азаматтық алу үшін емтихан тапсырсын деген талапты талай жылдан бері парламентте “Ақ жол” партиясы төрағасы Азат Перуашев екеуміз көтеріп жүріп, екі жыл бұрын заңға мен ұсыныс жасап енгізген едім. Станислав Черчесов келген Ресейде мемлекеттік тілді білмесе, миллиондарға шомылған футбол шенеунігі тұрмақ, көшеде аула сыпырушы қызметіне де алмайды. Ал бұл біздің елге келіп шалқаяды. Енді тек Мемлекеттік тілді білу талабын тек азаматтық алуда ғана емес, Ресейдегідей шетелден келгендер жұмысқа тұру үшін де міндеттеу қажет», — деді депутат Қазыбек Иса.