Ағымдағы жылы Каспий маңындағы елдер әлемдік нарыққа жалпы көлемі 86 тонна уылдырық және 250 тонна бекіре тұқымдас балықтар шығара алады. «CITES-тің пікірінше, дәл осындай көлемде экспортқа шығаруға болады және бұл аймақтағы фаунаға зиян келтірмейді».
2005 жылмен салыстырғанда бұл сан 15 пайызға төмендеп отыр. Бірақ, CITES-тің хабарлауынша «қабылданған квота Каспий жағалауындағы мемлекеттердің бекіре тұқымдастарды аулауды азайтуға тілек білдірген өз ұсыныстарына негізделген».
Жиналыста Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түрікменстан арасында бұрын бекіре тұқымдастарды аулау квотасын 2005 жылмен салыстырғанда 20 пайызға қысқарту туралы келісім жасалғандығы аталып өтті. Уылдырықты экспорттаудың жалпы квотасы 2005 жылмен салыстырғанда 15 пайызға, парсы уылдырығы мен шоқыр уылдырығының квотасы 25 пайызға қысқартылды.
Сондай-ақ, CITES ең бағалы қара уылдырықтың көзі болып табылатын Каспий ақсеркесіне қатысты шешімді әлі қарастыруда. Сарапшылар мұндай маңызды шешімді қабылдай алмайды, себебі олар балықтың осы түрінің өнімін экспорттау квотасын бекітуге қажетті ақпараттар мен экспорттаушы елдердің беріп отырған ақпараттары жеткіліксіз деп санайды. CITES шешім қабылдауды бір айға шегере отырып, экспорттаушыларды ақсеркенің популяциясы мен оны сақтауға бағытталған шаралар туралы қосымша ақпараттар беруге шақырды.
Бұрын хабарлағанымыздай, өткен жылдың қаңтар айында CITES Каспий маңындағы елдерге барлық қара уылдырық пен басқа да бекіре тұқымдас өнімнің квотасын бекітуден бас тартты. Ал Каспий теңізін қоршай орналасқан елдер әлемдік ныраққа бекіре тұқымдас балық уылдырығының 90 процентін шығарады. Экспортты қайта бастау үшін CITES экспорттаушы елдердің үкіметінен бекіре тұқымдас балықтар популяциясының ахуалы туралы нақты ақпараттар беруді, сондай-ақ, браконьерлікпен күрестің нақты шараларын қабылдауды талап еткен. 2006 жылдың сәуір айында тек Иранға ғана қара уылдырық шығаруға рұқсат берілген болатын. Басқа төрт мемлекетке, яғни Әзербайжан, Қазақстан, Ресей және Түрікменстан үшін 2006 жылға квота бекітілмеген.
«CITES-тің өткен жылғы уылдырықтың квотасы бекітпеу туралы шешімі бес мемлекеттің бірлесіп жүргізетін ғылыми зерттеулерін нығайту және балық аулау жағдайына мониторинг жүргізу жөніндегі бағдарламаларды пәрмендендіруге сөзсіз өз көмегін тигізді»,- деді CITES-тің бас хатшысы Виллем Вайнстекерс.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті