CNPC компаниясы еліміздегі Солтүстік Бұзашы кенішін өз иелігіне толыққанды сатып алды - kaz.caravan.kz
  • $ 444.32
  • 473.33
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
CNPC  компаниясы еліміздегі Солтүстік Бұзашы кенішін өз иелігіне толыққанды сатып алды

CNPC компаниясы еліміздегі Солтүстік Бұзашы кенішін өз иелігіне толыққанды сатып алды

Қазақстанның батыс бөлігіндегі мұнай өндіруші және өңдеуші өнеркәсіптердің қожайыны болып табылатын Қытай Ұлттық мұнай компаниясы CNPC Маңғыстау облысындағы Солтүстік Бұзашы кенішін өз иелігіне толыққанды сатып алды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне облыс әкімі Болат Палымбетов хабарлады.

  • 8 Қыркүйек 2003
  • 743
Фото - Caravan.kz

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, CNPC тамыз айында Сауд Арабиясының Nimir Petroleum Ltd. Компаниясынан Солтүстік Бұзашы кенішін игеруші «Texaco North Buzachi Inc.» Бірлескен кәсіпорнынан 35 проценттік үлесін сатып алған болатын. Сол кезде Қытай компаниясы аталмыш жобаның екінші қатысушысы — АҚШ-тың ChevronTexaco компаниясынан қалған 65 проценттік үлесті сатып алуға ниет білдірген. Алайда сол кезде келісімнің нақты мерзімі кесіп айтылған жоқ еді.

Б.Палымбетовтың айтуынша, Солтүстік Бұзашы кенішін толық иелікке алу жөніндегі келесім-шартқа өткен тәуліктерде қол қойылып, бұл сауда-саттық осы аптада Маңғыстау облысында болып қайтқан ҚР энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьниктің тарапынан қолдау тапты.
Әкім ChevronTexaco компаниясына осыған орай алғыс білдіре отырып, олармен жұмыс істеу оңайға түскенін атап көрсетті. Ол қытайлық инвестормен де тіл табыса алатынына сенім білдірді. Б.Палымбетовтың айтуынша, ол CNPC компаниясынан кеніште жұмыс істейтін қызметкерлердің саны мен олардың айлық жалақысын қысқартпауды, басқа да әлеуметтік міндеттемелерді орындауды талап еткен.
Б.Палымбетовтың хабарлауынша, CNPC компаниясы бұған дейін тәжірибелік игеру режимінде жұмыс істеп келген Солтүстік Бұзашы кенішінде кең көлемді мұнай өндіру жобасын жүзеге асыра бастамақ ниетте.
Осы орайда әкім Қытайлық инвесторлардың жоба бойынша ауқымды жоспарлар құрып, кеніштегі мұнай өндіру көлемін қазіргі 300 мың тоннадан жылына 1 млн. тоннаға дейін арттыруды межелегенін хабарлады. Бұған дейін Солтүстік Бұзашы кенішін ChevronTexaco компаниясы өнеркәсіптік пайдалануға алуды жоспарлағанымен, бір жылдан астам уақыт бойы еліміз үкіметінен қолдау таппаған көрінеді.
Бұл кеніштегі игеру мүмкіндігі бар көмірсутегі шикізатының мөлшері 300-500 млн. баррельді құрайды. Оның потенциалдық қоры 1 млрд. баррельге жетуі мүмкін.
CNPC компаниясы 1997-жылдан бері Қазақстанда жұмыс істеп келеді. Бұл компания жылына 5 млн. тонна мұнай өндіретін «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» ААҚ-ның 85 процент акциясын иемденеді. Бұл кәсіпорын биылғы жаздан бастап өндірген мұнайын КТК құбыр жүйесі арқылы тасымалдай бастады. Сондай-ақ, «ҚазақМұнайГаз ҰК» ЖАҚ мен CNPC компаниясы Қазақстан мұнайын Қытайдың батыс аймақтарына экспорттауға бағытталған мұнай құбырын тарту жөніндегі жобаның техника-экономикалық негіздемесін биылғы жылдың соңына дейін жасап шығару туралы келісімге келген. Қытайлық компаниялар Каспий теңізінің Қазақстандық бөлігіндегі мұнай құрылымдарын игеруге атсалысу жөнінде де ниет білдіріп отыр.

Соңғы жаңалықтар