Бұл жобаны белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының жетекшілігімен «Interactive Kazakhstan» компаниясы қолданысқа енгізді.
Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ұлы ойшылдың «толық адам» тұжырымдамасына сәйкес «баланың жақсы болмағы — жақсы ата-анадан, жақсы ұстаздан, жақсы құрбыдан» деген қағидасына негізделіп жасалған «Жақсы бала», «Жақсы ұстаз», «Жақсы ата-ана», «Жақсы құрбы-құрдас» атты жинақтардың «cөйлейтін» қаламсабы бар интерактивті нұсқасының және «Абайтану әліппесі» интеллектуалды оқу-әдістемелік кешенінің электронды нұсқасының тұсаукесері болды. Аталмыш оқу құралдары 5-9 сынып оқушыларына арналған.
«Баламасы жоқ жаңа абайтану құралы жапондықтармен бірлесе отырып жасап шығарылды. Оқу-әдістемелік жинақтардың толық кешенінің бағасы шамамен 50 000 теңге көлемінде болады», — деп мәлімдеді «Interactive Kazakhstan» компаниясының жоба менеджері Бижан Игенбаева.