Жарияланды: 600

Cотталған әйелді абақты басшылары жабылып зорламақ болған

Павлодар облысында сотталған әйел абақты басшыларынан зәбір көрдім деп шу көтеруде. Шідерті ауылындағы қоныс колониясында жазасын өтеп жүрген келіншектің айтуынша, түзеу мекемесінің бастығы мен орынбасары жабылып өзін зорламақ болыпты. Жыныстық қатынасқа түсуден бас тартқан кезде аяусыз-ұрып соққан көрінеді. Басынан өткерген бұл жайттарды сотталған әйел камераға түсіріп, ғаламторға жайып салған. Қазір аталған дерек бойынша құзырлы орындар тексеру жүргізіп жатыр.

Сабина Махинина, жазасын өтеуші:    

- Менің өліміме түзеу мекемесінің бастығы Нәбиев Болат Төлеуұлы, жедел бөлім бастығы Әубәкіров Серік Оразбайұлы, және капитан Дәуіт кінәлі.

Осы сөздерін бейнетаспаға жазғаннан кейін, Сабина Махинина Екібастұз қаласы ауруханасына дереу жеткізілді. Екі аптадай нәр татпаған жазасын өтеушінің қазір беті бері қараған сыңайлы. Айтуынша, аштық жариялауға- түзеу мекемесіндегі көрген қорлығы себеп. Колония бастығы мен орынбасары оны жыныстық қатынасқа итермелепті. Айтқанына көнбегесін ұрып-соқты деп отыр. 

Сабина Махинина, жазасын өтеуші:

- Әубәкіров пен Нәбиев мені зорламақ болды. Тіпті кабинетінде төбелесе бастадық. Бұл туралы біреуге жақ ашсаң, күн көрсетпейміз деп қоқан-лоқы көрсетті.

25 жастағы Сабина Махинина ірі көлемде есірткі сатқаны үшін 6 жылға сотталған екен. 2 жылын Шымкенттегі әйелдер түрмесінде өткізіпті. Шідертідегі қоныс колониясына ауысқалы да көп болмаған. Осы жарты жыл ішінде бірнеше рет тәртіп бұзып үлгерді дейді облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіндегілер. Сондықтан шу шығаруының себебі де осы тәртіпке бағынғысы келмеуінен деген пікірде. 

Борис Гаврилюк, Павлодар облысы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бөлім бастығы:

- Шідертіде жүріп 4 рет жазаланды. Алдымен ұстара табылды, сосын ұялы телефонын тәркіледік. Кейін есірткі қолданып жүргені анықталды. Төртінші рет түнгі уақытта ерлер жатақханасында жүргені үшін жазаланды.  

Әзірге, сотталушыны ұрып-соғу дерегі расталмады. Бірақ оның арызы бойынша  бәрібір тергеу жүріп жатыр. Шідерті ауылындағы қоныс колониясы басшылығына арызданушы бұл бір емес. Осыдан екі жыл бұрын жазасын өтеуші Арыстан Бейсейітов ғаламтор арқылы жаз бойы түзеу мекемесі басшыларының қойын бағып, алақандай темір үйшікте тұрғанын айтып шағымданған еді. Алайда тексеру жүргізген құзырлы орган өкілдері қылмыстық істің белгілерін ақыры тапқан жоқ.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін