Д. Назарбаева жастар арасындағы суицидтің өршуіне алаңдаушылық білдірді - kaz.caravan.kz
  • $ 445.66
  • 474.58
+18 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Д. Назарбаева жастар арасындағы суицидтің өршуіне алаңдаушылық білдірді

Д. Назарбаева жастар арасындағы суицидтің өршуіне алаңдаушылық білдірді

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Дариға Назарбаева елімізде жастар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің күрт өсіп отырғандығына алаңдап, Білім және ғылым министрінің атына сауал жолдады.

  • 7 Қараша 2012
  • 544
Фото - Caravan.kz

Депутаттың айтуынша, соңғы онжылдықта Қазақстанда жастар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші шамамен 3 есеге артқан. Жыл сайын 15 пен 19 жас аралығындағы әрбір 12-ші жасөспірім өзіне қол жұмсауға ұмтылыс жасайтын көрінеді.

«Дәл осы жастағылар тобы бойынша суицид көрсеткіштерімен Қазақстан ТМД елдерінің арасында бірінші орынға шығып отыр. 2011 жылдың қорытындысына сәйкес, Қазақстан елдер арасындағы өзін-өзі өлтіру фактілері бойынша жоғары және аса жоғары деңгейдің бірінші тобына енді және 100 мың адамға шаққанда 30 суицидтен келіп, Литва, Солтүстік Корея елдерінен кейінгі үштікте тұр. Бұдан бөлек, 2011 жылы Қазақстанда суицидтің 257 оқиғасы мен 592 әрекеті тіркеліпті. Ал сарапшылар бұндай теріс құбылыстың ең көп тараған себебіне эмоционалды және физикалық күш көрсетулерді, ата-ана ілтипатсыздығын, құрдастары тарапынан қоқан-лоққылықты, отбасындағы қаржылық жағдайды алға тартады», — дейді депутат.

Бұл ретте Д. Назарбаева білім саласында Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі енгізілгеннен кейін де Қазақстанда суицид санының артқанын алға тартты. Егер мәселен, 2009 жылы қазақстандық оқушылар арасында әлгіндей 209 оқиға тіркелсе, 2010 жылы бұл 237-ге жетті. Осы мәселелерді алға тарта отырып, депутат министрден бірнеше сұрақтарға жауап беруін сұрайды.

«Атап айтқанда, суицидті болдырмау үшін ҰБТ өткізу үдерісін жетілдіру бойынша қандай шаралар қабылдануда? Оқушылар арасында өз-өзіне қол жұмсау деңгейін төмендету жөнінде жүйелі сипатта қандай шаралар атқарылмақ? Жасөспімірдер суицидінің өңірлік аспектілері қалай ескеріледі?», — деді Д. Назарбаева.

Соңғы жаңалықтар