Д.Абаев: Бұл - дағдарыстың өзі емес, ортаның түбегейлі өзгеріске түсуі - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Д.Абаев: Бұл - дағдарыстың өзі емес, ортаның түбегейлі өзгеріске түсуі

Д.Абаев: Бұл - дағдарыстың өзі емес, ортаның түбегейлі өзгеріске түсуі

«Елімізді «қолайлы аймақтан» ығыстыратын экономикадағы күрделі жағдайлар даму мәселесін күн тәртібінен алып тастай алмайды, қайта оның өзектілігін анағұрлым арттыра түседі.

  • 24 Қараша 2015
  • 390
Фото - Caravan.kz

Біздің Мемлекет басшысы ұсынған стратегия төңірегіне қаншалықты тез топтаса алатынымыз, табысқа жетуіміз соған байланысты», — деп жазады өзінің «Дамылсыз даму дағдысы» мақаласында. Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі — Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы Дәурен Абаев.

Қазақстан экономикасында не болып жатыр?

Біздің ел — әлемдік экономиканың бір бөлшегі, ал онда қазір бұлжымайтын екі үрдіс орын алып отыр. Бір жағынан, шикізат нарығы тоқырауға ұшырады. Коньюнктураның уақытша әлсіреуі байқалып қана қоймай, төмен бағалар ұзақ уақыт бойы сақталатын құрылымның іргелі өзгерісі орын алуда. Екінші жағынан, күні кешеге дейін жаһандық өсімнің локомотиві болып келген дамушы экономикалардың «құрылымдық баяулау» дәуірі басталды. Таяу келешекте олардың қарқыны бәсеңдей береді.

Қазақстан нақ осы екі үрдістің қыспағында қалып отыр.

Бұл — дағдарыстың өзі емес, мемлекетіміз өмір сүріп, жұмыс жүргізетін ортаның түбегейлі өзгеріске түсуі. Жаңа ландшафт тек экономикаға ғана емес, барлық салаға да түгел қатысты. Баршаға да мінез-құлық моделін қайта қарауға тура келеді.

Қазір болып жатқан жайттар экономикалық дағдарыс шегінен әлдеқайда асып түседі. Бұдан арғы іс-қимылды айқындайтын болғандықтан мұны түсіне білу өте маңызды. Біз күту режіміне көше отырып және экспорт бағасының өсуін тоса отырып өзіміздің салғырт бейімделуімізге жол бере алмаймыз — ол жуық арада бола қоймайтын нәрсе. Дағдарысқа қарсы әрекетпен де шектеле алмаймыз.

«Пессимист желді айтып шағынады. Оптимист оның ауысқанын күтеді. Реалист болса, бірден желкенін көтереді», — деген Уильям Вордтың сөзін басшылыққа алған жөн. Қазақстанның жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайларға белсенді түрде бейімделуі қажет. Ал ол бірнеше маңызды шарттарды қамтиды.

«Ақылды» үнем

Біріншіден, ресурстарды пайдалануға жаңаша көзқарас қажет. Нұрсұлтан Назарбаев қаражатты жаппай үнемдеу қажеттігін, бірақ оны қандай да бір бюджеттік бағдарламаларды бас салып қысқарту арқылы жеңілдетуге болмайтынын атап айтты. Қаражат үнемдеу — бір реттік қана науқан емес. Президент ресурстарға деген жаңа қағидатты қарым-қатынас тұрғысынан үнемдеу туралы бұрын да, қазір де әлденеше рет айтып келеді.

Бұл ретте ол сөзін тек мемлекеттік және квазимемлекеттік салаға ғана емес, бәсекеге қабілеттілікті арттырудың ішкі көздерін іздестіруге тиісті бүкіл отандық бизнес қоғамдастығына арнады. Дамыған елдерде кең таралған Іеаn-менеджмент (қамқорлықпен басқару) әдісі бұған толық мүмкіндік береді. Оның мәнісі — қосымша құнды қамтамасыз етпейтін үдерістерді барынша азайту, өнімсіз шығындардың бәрін жою.

Алғаш Тоуоtа корпорациясы жүзеге асырған мұндай тұжырымдама оны басшылыққа алған кәсіпорындарға миллиардтаған доллар пайда әкелді.

Lean-менеджментті мемлекеттік қызмет көрсету саласында да қолдануға болады. Мұны шетелдік қана емес, отандық тәжірибелер де дәлелдеп отыр. Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен «электронды үкіметті» дамыту ісі халықтың да, бизнестің де қыруар уақыты мен қаражатын үнемдейді. Мемлекеттік аппаратқа қатысты өзге реформалар да пайдасыз шығыстарды қысқартуға бағытталған.

Осылайша, шығыстар туралы айтқанда, әншейін «белбеуді тартып» қана қоймай, ең басты нәрсеге — тұтынушылық құндылықтар қалыптастыруға қатысы жоқ артық функцияларды алып тастау тұрғысынан ауқымды жұмыс атқару қажет болады. Бұл, шын мәнісінде, шағын кәсіпорыннан бастап министрліктерге дейінгі басқарудың барлық саласын қамтитын үлкен өзгеріс.

Өндірушілік кезеңнен жасампаздыққа дейін


Екіншіден, жаңа табыс көздерін қалыптастырған жөн. Бұл орайда Мемлекет басшысы бастамашылық еткен өзгерістер әлдеқайда салмақты, тектоникалық үдерісті — өндірушілік модельден жасампаздық дәрежеге өтуді көздейді. Арасындағы айырмашылық шикізаттық сала мен өңдеуші саланың қайсысының маңыздырақ екенінде емес. Еліміз өзінің кәсіпкерлік қуатын тұтынылатын аралық және түпкі өнімдер өндірісіне, идеялар мен технологиялар іздестіруге бағыттап отыр ма, жоқ па, мәселе сонда.

Мысалы, ең консервативті болып көрінетін мұнай-газ саласының өзі жаһандық нарықты қайта пішімдейтін инновациялар ошағы бола алады. Мұны тақтатас (сланец) революциясы дәлелдеді.

Әрине, экономикалық проблемалар көбейген кезеңде күнделікті күнкөріс қамына байланысты стратегиялық реформалар кейінге қалатындықтан, оған деген зәрулік аса байқала қоймайды. Алайда, дәл қазір өзгерістер кейінге шегерілмей, керісінше жеделдетілуге тиіс. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған институттық реформаның мәні нақ осы жасампаз әлеуметтік-экономикалық модельді қалыптастыруға байланысты болып отыр.

Қазір ақиқатты айқындайтын сәт туып келеді. Әлемдік сарапшылар дамушы елдердің реформа жолын жаңа деңгейге шығатын баспалдақ ретінде пайдалана отырып, қазіргі қиын кезеңді еңсере алатынын айтады. Ал өзгерістен бас тартып немесе көз алдап, қазіргі жағдайда «жауырды жаба тоқуды» жөн көрген мемлекеттер тарихи тартыстың шаңын қауып қала береді.

Қазақстан өз таңдауын жасады. Ол Мемлекет басшысының саяси ерік-жігерімен нығайтылған жаңғырудың нақты бағдарын ұсынды. Қазір оны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жұмыстары аяқталып келеді. Қажетті ресурстар да баршылық.

Бірақ бұл жеткіліксіз — ажырамас тағы бір үшінші шарт бар. Реформалардың бір ерекшелігі, оларды «жоғарыдан» жүргізе алмайсың, бұл іс қоғамның тікелей қатысуы арқылы ғана жүзеге асады. Шикізат пайдасын бөлуден адами капиталды еселеуге қарай бағдар ұстайтын жасампаз модельге көшуді баршаның және әр адамның қатысуынсыз елестету мүмкін емес. Ешкім де алаңсыз күйде, сырттай бақылап отыра алмайды.

Дүние жүзі зерттеушілері жапон феноменін зерделеу арқылы бұл елдің екі рет мүшкіл халге тап болса да, қалайша жетекші державаға айналып, бірегей мәдениетін қалай сақтап қалғанының сырын ұғуға тырысуда. Бұл орайда ғалым Питер Друкер банкир әрі кәсіпкер Эйичи Шибусаваның сонау ХІХ ғасырда негізін қалаған қағидаттары шешуші рөл атқарған деп санайды. Мұндағы ең басты қағидат та қарапайым: ұлттық мүдделер бірінші кезекте тұруға тиіс. Барлық жобалар мен шешімдерді, соның ішінде бизнеске қатыстыларын салмақтап-саралау ісі «Ел үшін не нәрсе жақсы болмақ?» деген сауалдан басталады.

Бұл қағидат баға жетпес мүмкіндіктері бой тасалап тұрған уақыт сынына төтеп беретін Қазақстан жолының да негізгі арқауы болуға тиіс.

Материал «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды, 24,11.2015 ж. 

Соңғы жаңалықтар