Жарияланды: 880

Дағдарыс әлемдік экономикадағы кейінгі кезде орын алған кемшіліктердің салдарынан болып отыр - президент

Астана. 17 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Дағдарыс әлемдік экономикадағы кейінгі кезде орын алған кемшіліктердің салдарынан болып отыр. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше республикалық телеарналарға берген сұхбатында мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Ең бірінші Америка Құрама Штаттарынан басталды. Халық "анау мұхиттың ар жағында жатқан Америка қайда, Қазақстан қайда, олардағы болып жатқан жағдай бізге неге осындай шарпуын тигізеді" деп ойлауы мүмкін. Оның себебі Америка Құрама Штаттарының экономикасының көлемі дүниежүзі экономикасының 20 пайызы. Экономикасының ауқымы 13-14 триллион доллар болатын болса, 70-80 триллион доллар әлем қаржысының 20 пайызы соларда. Дүние жүзінің 20 пайыз импорты да Америка Құрама Штаттарында". Экспорт бойынша АҚШ Еуроаймақтан кейін екінші орында. Әлем экономикасы тауарлардың барлығын Америкаға барып сатады және Америкадан сатып алады. Сондықтан оның әсері тимей қоймайды. Америка Құрама Штаттарының экономикасын алып қарайтын болсақ, оларда екінші дүниежүізілік соғыстан кейін, яғни 45-ші жылдан бері он рет осындай өзгерістер болды. Біресе көтерілу, біресе төмендеу. Бұл жалпы капиталситік нарық экономикасына тән нәрсе. Өздеріңіз білесіздер, 2001 жылғы Нью-Йоркте болған оқиғалардан кейін Американың экономикасы құлдырады. Сол себепті 2002 жылы олар несиеге берілетін ставканы төмендетіп, халыққа арзан ақша берді. Елдің барлығы ол арзан ақшаны алып, үй сала бастады, машина ала бастады, жағдайын түзей бастады. Жылжымайтын мүліктің бағасы көтерілді, банктер соны несиеге беріп, ақшасын елге берді. Жанар-жағармайдың, азық-түліктің бағасы көтерілді. Ақша экономикада көп болғаннан кейін, инфляция көтерілді. Инфляция көтерілгеннен кейін, Америка Құрама Штаттарының банктері жаңағы несиеге беретін ставканы жоғары қарай көтерді. Ставкамен бірге ипотекаға беретін ақшаның бағасы да көтерілді. Нәтижесінде несиені алған адам оны қайтаруға мүмкіндігі шектелді. АҚШ-та тоқырау басталған кезде солардың ақшасын алып отырған, құнды қағаздарына иелік жасап отырған Еуропаның, Азияның банктерінің, басқа да банктердің қаржылық жағдайы төмендеп кетті. Ал бұл жағдай Қазақстанға қалай әсер етті? Қазақстанның экономикасының өсіп-өркендеуі экономикамызға қаражат ты көптеп тартуға мүмкіндік берді. Мемлекеттің рейтингі, банктердің рейтингі көтерілген соң, біздің банктер сол арзан ақшаны алып, бірді-екілі салаға ғана салды. Құрылысқа, ғимараттар салуға жұмсады. Оның есесіне қаржыны өндіріске көбірек салу керек еді. Енді тоқырау басталғаннан кейін олар ақшаны қайтара алмай отыр. Мысалы, қазір мен 10 миллион доллар несие алам, бес жылға. Бес жыл өткен соң, тағы да несие алам да алдыңғысын жауып, несие мерзімін бес жылға ұзартам. Ал орайы келмей несие беруші қаражат бермесе, бітті. Ол ақшасы қайтара алмайсың. "Мен, әрине, банктерге талай рет айттым, естіген де боларсыздар. "Шетелдік ақшаны алуды азайтыңдар, өзіміздің ішімізде жұмыс істеңдер" деп. Ол - банктердің қателігі. Екінші жағынан біздің банктер ол ақшаны Астанадағы, Алматыдағы, басқа облыстардағы құрылысқа салды ғой, көріп отырсыздар. Сол қаражаттың негізгі бөлігі Қазақстанға жұмыс істеді. Міне, мәселенің осындай екі жағы бар. Енді біз осы мәселелерді шешу үшін шаралар қолданып жатырмыз",- деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін