Damumed төңірегіндегі дау: Жалған диагноздар мен қабылдаулар. Не істеу керек? - kaz.caravan.kz
  • $ 506.7
  • 593.14
-8 °C
Алматы
2026 Жыл
22 Қаңтар
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Damumed төңірегіндегі дау: Жалған диагноздар мен қабылдаулар. Не істеу керек?

Damumed төңірегіндегі дау: Жалған диагноздар мен қабылдаулар. Не істеу керек?

Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған соңғы жаңалық қазақстандықтардың наразылығын тудырды. Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде ірі көлемде жалған тіркеулер анықталды.

  • 22 Қаңтар
  • 38
Фото - Caravan.kz

Бұл жаңалықтан соң халық «Damumed» мобильді қосымшасындағы жеке деректерін жаппай тексере бастады. Нәтижесінде, дәрігерлерге қаралмаған, емханаларға жүгінбеген адамдардың атына түрлі диагноздар мен қабылдаулар жазылғаны анықталды. Осындай жалған ақпаратты байқаған азаматқа не істеу керек? Қандай жауапкершілік қарастырылған? МӘМС-тің қаражаты бақылауға алынады ма? Caravan.kz медиа порталының тілшісі анықтап көрді. 

Айта кетейік, президент 2025 жылғы жұмыс қорытындылары бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановтың есебін тыңдаған еді. Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, анықталған заңбұзушылықтардың қатарында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі жалған тіркеулер мен фиктивті медициналық қызметтер бар.

Агенттік мәліметінше, МӘМС жүйесінде көрсетілген қызметтердің санын қолдан көбейту, соның ішінде қайтыс болған адамдарға жалған медициналық көмек көрсету арқылы 26 миллиард теңге шығын келтіру фактісі анықталған.

Қазақстандықтар ойдан шығарылған қабылдаулар мен диагноздарға шағымдануда

Қазақстандықтар «Damumed» қосымшасында өздері бармаған дәрігерлерге тіркелген қабылдауларды көріп, наразылық білдіруде. Мұндай жағдайда не істеу керек және қайда шағымдану қажет?

Егер Damumed қосымшасында сіз ешқашан бармаған дәрігерге тіркелген қабылдау, көрсетілмеген медициналық қызмет немесе қойылмаған диагноз анықталса, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына шағымдануға болады. Ол үшін fms.kz ресми сайты, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы немесе 1414 нөмірі арқылы хабарласуға мүмкіндік бар. Қор барлық өтініштер міндетті түрде қаралатынын мәлімдеді.

Қайда жүгіну керек?

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры азаматтарға келесідей түсініктеме берді:

«Егер азаматтар өздеріне көрсетілмеген медициналық қызметтердің жалған тіркелгенін анықтаса, бұл туралы міндетті түрде Қорға хабарлауы қажет. Бұл тар бейінді маманның қабылдауы, диагностикалық қызметтер немесе стационарға жолдама болуы мүмкін. Өтінішті fms.kz ресми сайты, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы немесе 1414 байланыс нөмірі арқылы жолдауға болады. Барлық өтініштер міндетті түрде қаралады».

Жалған тіркеулер үшін емхананы қандай жауапкершілік күтіп тұр?

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық ұйымдарды жалған көрсетілген қызметтер үшін айыппұл салу арқылы жауапқа тарта алады.

Қордың мәліметінше, расталмаған медициналық қызмет үшін медициналық ұйымнан оның құнының 300 пайызы көлемінде қаражат ұсталып қалады. Бұл қаржы кейін басым бағыттар бойынша медициналық көмекті қаржыландыруға жұмсалады.

Журналистік тәжірибе: деректерді тексеру

Біздің тілшіміз де Damumed қосымшасындағы жеке деректерін тексеріп көрді. Жалпы барлық жазбалар дұрыс, тіпті бес жыл бұрынғы қабылдауларға дейін сақталған. Алайда бір дерек күмән тудырды.

2024 жылғы 31 тамызда ол тұрмыстық жарақат бойынша медициналық мекемеге жүгінді деп көрсетілген. «Диагностика» бөлімінде сол жақ білектің екі проекцияда рентген түсірілімі жасалғаны жазылған. Диагноз ретінде сол білектің жұмсақ тіндерінің жарақаты көрсетілген.

Ең қызығы, 30 тамыз күні тілшіміз күні бойы отбасымен тауда болған, келесі күнді кешке дейін түсірілім алаңында өткізген, ал кешкісін үйінде болған. Бұл фактілер әлеуметтік желідегі архивте сақталған. Ешқандай жарақат та алмаған, сәйкесінше дәрігерге де қаралмаған. 

Кеше әлеуметтік желіде белгілі заңгер Анна Чернова осыған байланысты басынан өткен оқиғасын жүктеген еді. Алайда түсініксіз себептермен бүгін бұл видео өшірілген. Соған қарамастан, видео шыққан уақытта ол жүздеген пікір жинап үлгерді. Халық өздері ғана емес, балаларының да дәрігерлерге қаралғанын көріп аң-таң. Солай түрлі ойдан шығарылған диагноздар мен қабылдаулар тіркелгенін жазған.  

Енді МӘМС қаржысында бейберекетсіздік болмайды

Бұл мәселеге қатысты экономист Айбар Олжаев та пікір білдірді. Оның айтуынша, енді қордың қаржылық қызметін басқару қаржы министрлігіне берілген. Демек, МӘМС қаражаты бұдан былай бөтен пиғылдағы адамдардың қолына түспейді.

Экономистің сөзінше, қаржы министрлігі ақшамен қалай жұмыс істеу керегін жақсы біледі. Бұған дейін қор дербес болған кезде, орасан қаржы банк депозиттерінде сақталып, тікелей медициналық мақсаттарға емес, тиімсіз бағыттарға жұмсалған. Аудит нәтижесінде медициналық қаржының бір бөлігі нақты науқастардың еміне емес, қағаз жүзіндегі қызметтерге кеткені анықталды.

«Бір дәрігердің бір күнде мыңнан астам адамды қабылдауы, қайтыс болған азаматтарға «медициналық қызмет көрсетілгені», бір науқасқа шамадан тыс дәрі-дәрмек жазылғаны сияқты деректер белгілі болды. Мұны жай ғана қателік деу қиын. Бұл – жүйелі түрде қалыптасқан бұрмалау және белгілі бір топтың мүддесіне пайдаланылған схема», — деді ол. 

Қаржы министрлігі есепке алу, бақылау және тәртіп орнатуға жауапты мекеме. Оның жүйесінде әрбір теңгенің қайдан шыққаны және қайда жұмсалғаны анық көрініп тұрады. Бұл – медицинаның ісіне араласу емес, медицинаның қаржысын ретке келтіру.

Цифрландыру бақылауға жаңа мүмкіндік беріп отыр. Қазір жүйеде адам көзі байқамайтын заңбұзушылықтарды компьютер оңай анықтайды. Бір күнде бір дәрігер жүздеген адамды қабылдай алмайды, бір балаға ондаған мың дәрі қажет емес. Мұндай сәйкессіздіктерді алгоритм бірден көрсетеді. Енді медициналық қызметтер, рецепттер мен төлемдер бірыңғай цифрлық бақылаудан өтеді. Бұл «менің атымнан біреу қағаз жүзінде емделіп қойған» деген жағдайлардың алдын алуға тиіс.

«Қарапайым азамат үшін бұл өзгерістің мәні өте қарапайым. Сіз төлеген жарна мен бюджеттен бөлінген қаржы нақты емге, нақты дәріге және нақты медициналық көмекке жұмсалуы керек. Егер ақша жалған қызметтерге кетпесе, онда дәрі-дәрмекке де, диагностикаға да, дәрігерлердің еңбекақысына да жетеді. Мәселе қаржының көптігінде емес, оның қалай жұмсалып жатқанында. Енді әркім өз ісімен айналысады: дәрігер – емдейді, министрлік – медицинаны дамытады, ал қаржыгер – ақшаны бақылайды. Осы рөлдерді нақты бөліп алған кезде ғана жүйе дұрыс жұмыс істейді», – деді экономист Айбар Олжаев.