Бұл сұраққа жас таланттың өзі блогер Бейбіт Әлібековке берген сұхбатында жауап берді.
“Мен қазақстандықпын, иә қазақпын”, – деп бастады сөзін Данэлия.
“Қателеспесем, әжең орыс ұлтынан?” – деген журналист сауалына ол:
“Шынымды айтсам, ол туралы сұрамаппын, мені ол аса қызықтырмайды. Қазақстан – менің Отаным. Менің ойымша, сен қай елде өмір сүрсең, қай мемлекетте жұмыс істеп, қай елді жақсы көрсең, демек сенің ұлтың да еліңе сай болады”, – деп түсіндірді Данэлия.
Жас талант иесі шет мемлекеттен келгеніне қарамастан, үлкен қолдау көрсеткен Украина халқына деген ризалышығын жеткізді.
“Украина халқына алғысым шексіз. Маған ешкім дауыс бермейтін шығар деп ойлағаным рас. Бірақ шын мәнінде Украина халқы маған жанкүйер болып, көп дауыс берді. Көп рақмет айтамын”, – дейді Данэлия.
“Голос. Діти” шоуының финалында Данэлия украин тілінде ән айтып, қазылар алқасы мен көрермендерді жылатқан болатын. Бұл ретте көпшілікті толғандыратын бір сұрақ: Данэлия қазақша ән айта ма? Бұл сауалға әншінің өзі жауап берсін.
“Қазақша әндер айтамын. Ана тілімде ән жазу жоспарымда бар. Қазіргі уақытта анам екеуміз кереметтей хит жазып беретін композитор іздеп жатырмыз”, – деген Данэлия сөз соңында жер бетінде барлық балалар мен сияқты бақытты болса екен деп тілегін айтты.