Елімізде дәрі-дәрмек бағасы мемлекет тарапынан реттеледі. Жүйе негізсіз қымбатшылыққа жол бермеуді және халықққа қолжетімді болуды көздейді. Ол үшін мемлекет дәрілерге шекті баға белгілейді. Яғни дәріханалар заң жүзінде одан жоғары баға қоя алмайды. Бір қарағанда жүйе оңай әрі түсінікті сияқты, алайда іс жүзінде нағыз квесттің өзі. Caravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты зерттеп, қарапайым тілмен түсіндіруге тырысып көрді.
Біздің тілшіміз бұдан бұрын алматылық тұрғын тап болған мәселе туралы жазған. Ол дәріханадан сатып алынған препараттың бағасы күмән тудырған соң, шекті баға реестрімен салыстырып, чекті, қаптаманың фотосуреттерін Dari.kz қосымшасы арқылы жіберіп, ресми шағым жолдаған. Тұтынушыларды қолдау қызметі дәрі шекті бағадан жоғары сатылғанын растаған. Алайда жолданған жазбаша шағым сол күйі жауапсыз қалды. Артынша Алматы тұрғыны e-Otinish порталы арқылы жауап іздеуге көшкен. Уәкілетті органның жазбаша жауабы кез келген адамды тығырыққа тірейді. Талдап көрейік.

Бір бұйрық жеткіліксіз…
Әлеуметтік желіде тараған пікірлерге сүйенсек, халық расымен де дәріханадағы бағалардың қымбат екеніне наразы. Шекті баға реестрі бола тұра, көптеген дәрілер одан бірнеше есе қымбатқа сатылып жатыр. Осы ретте халық неге екенін түсінбей аң-таң. Белгілі болғандай, мәселенің тамыры тереңде жатыр.
Шекті баға дегеніміз — мемлекет белгілеген ең жоғары рұқсат етілген баға. Ол барлық дәріханалар үшін міндетті. Бұл бағалар арнайы бұйрықпен бекітіліп, ашық реестрге енгізіледі. Заң бойынша, уәкілетті орган бұл реестрді жарты жылда бір рет жаңарта алады. Бұл талап «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 245-бабында нақты көрсетілген. Дәл осы жерде көпшілік білмейтін, бірақ шешуші рөл атқаратын мәселе басталады.
Дәрі әр кезеңде әртүрлі шекті бағамен сатылады екен. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің жауабында (жоғарыдағы суреттен оқи аласыз) «Дексилант 60 мг №28» препаратына 2025 жылғы 11 ақпандағы бұйрыққа сәйкес, бөлшек саудадағы шекті баға — 14 259,73 теңге. Ал сол жылы 18 шілдедегі жаңартылған бұйрықта 3 749,44 теңге. Жарты жылдың ішінде баға төрт есеге төмендеген.
Қарапайым логикаға салсақ, мемлекет бағаны төмендетсе, дәріханалар да сол бағаға көшуі керек емес пе?
Іс жүзінде тұтынушы дәріні қашан сатып алғаны маңызды емес екен. Бұл жерде шешуші фактор — Қазақстан аумағына қашан әкелінгені және айналымға енгізілгені болып шықты.
Егер дәрі жаңа бұйрық күшіне енгенге дейін елге жеткізілсе, ол ескі, яғни жоғары шекті бағамен сатыла береді. Ал жаңа бұйрықтан кейін әкелінген дәрілерге ғана төмендетілген шекті баға қолданылады.
Бұл жағдайда аталған «Дексилант» препараты Қазақстанда 2025 жылғы мамыр айында айналымға енгізілген. Ал шекті бағаны төмендеткен бұйрық шілдеде жаңартылған. Сол себепті дәріхана бұл дәріні 14 мың теңгеден жоғары бағада сатуға заң жүзінде құқылы болып шыққан. Реестрде қазіргі шекті баға 3749 теңге деп көрсетілгенімен, сатып алушы оны сол бағамен ала алмайды.

Нағыз квест енді басталды…
Дәрілердің бағаларын тексеру үшін қарапайым адам сатып алмас бұрын, дәріханаға келіп, келесідей жолдан өту керек.
1. Дәрі қаптамасынан Data Matrix (төртбұрышты код) табу;
2. Арнайы Naqty onim мобильді қосымшасын жүктеу;
3. Кодты сканерлеп, «Тауар жолы» бөліміне кіру;
4. Дәрінің Қазақстанда айналымға енгізілген күнін анықтау;
5. Сол күнді шекті баға бекітілген бұйрықтың күнімен салыстыру;
6. Тек содан кейін ғана қай баға заңды екенін түсіну.
Егер барлығын дұрыс өтсеңіз, бағаның заңды не заңсыз екенін анықтай аласыз. Осылайша, дәріні заңды бағамен сатып алу процесі өте күрделі әрі ұзақ жол. Ауырып келген адам, немесе баласына дәрі іздеген ата-ана қосымша орнатып, код сканерлеп, заң мен бұйрықтардың күнін салыстырып тұрмайды.

Халық үшін жасалған жүйе халыққа бейімделмеген деп айтуға болады. Себебі көпшілік Data Matrix дегеннің не екенін білмейді. Шекті баға бар екенін білсе де, оның нақты қай жағдайда қолданылатынын түсінбейді. Адамдар ашық дереккөзден шекті бағаны көріп, соған сенеді, бірақ дәріханада неге ол баға қолданылмай тұрғанын ұғына алмайды.
Осылайша, халықты қорғау үшін енгізілген жүйе іс жүзінде жауапкершілікті тұтынушының өзіне артып қойған. Мемлекет пен нарықтың орнына қарапайым адам бәрін тексеріп, дәлелдеп, салыстырып жүруге мәжбүр.
Осы жерде заңды сұрақ туындайды: Бұл жүйе шынымен халық үшін жасалған ба?
Дәрі-дәрмек бағасын реттеу тетігі қарапайым, түсінікті және ауырған адамға да қолжетімді болуы тиіс. Ал қазіргі жүйе, керісінше, адамдарды шатастырып, қажытып, өз құқығын қорғау жолын күрделендіріп жатқандай.