Дәрі-дәрмекті жарнамалауға тыйым салынбақ - kaz.caravan.kz
  • $ 488.37
  • 559.77
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Дәрі-дәрмекті жарнамалауға тыйым салынбақ

Дәрі-дәрмекті жарнамалауға тыйым салынбақ

Алдағы қарашадан бастап елімізде дәрі-дәрмекті ақпарат құралдарында жарнамалауға тыйым салынбақ. Енді денсаулық сақтау саласындағы жаңалықтар мен дәрілер жайлы тек медицина мамандарына арналған арнайы басылымдардан ғана білуге болады. Алайда бір айдан соң күшіне енетін заңдағы соңғы өзгерістер препаратты шығарып саудалайтын мекемелер мен жарнама арқасында күн көріп отырған азаматтарды тығырыққа тіреп отыр.

  • 1 Қазан 2014
  • 404
Фото - Caravan.kz

Басы ауырып, балтыры сыздаса жарнамадан көргенін алып сауығып жүрген жандар үшін тағы бір бас ауру пайда болды. Себебі бір айдан соң телеарна мен газет-журнал беттерінен жаңа препараттардың жарнамасын көрсетуге тыйым салынбақ. Енді медицинаға қатысы бар емханалар, дәрі-дәрмек пен көрсетілетін ем-дом жайлы тұтынушылар тек арнайы басылымдардан біле алады. Бұған фармацевтер дабыл қағуда.

Светлана Установа, Фармацевтика өнімдерін шығарушылар халықаралық қауымдастығының басшысы:

Дәрі-дәрмек нарықтағы ерекше тауар. Оның жарнамасына тыйым салғанша, әр түрін жіктеп алу қажет. Науқастың сырқатына сай келетін препаратты таңдау амалын табу керек. Арнайы ресурстар арқылы ол тек пайдасын ғана емес, кері әсерін де білуі тиіс.

Өндірушілердің айтуынша, телеарналардағы жарнама дәріні көптеп өткізу мақсатында ғана пайдаланылмайды. Оның көмегімен жұртқа қысқа әрі түсінікті түрде дәрі жайлы ақпарат беріліп келген. Арнайы журналдар бұл функцияны орындай алғанымен оқырмандары бірнеше есе аз. Ал табысының тең жартысы фармацевтикалық өнімдерге байланысты жарнама агенттіктері де заңдағы өзгерістен зардап шеккелі отыр. 

Сергей Ким, жарнама агенттігінің директоры:

-Бірінші кезекте тұтынушы зардап шегеді. Ол жаңа дәрілер жайлы біле алмайды. Екіншіден жарнама агенттіктері шығынға батады. Бұл осы саладағы басты табыс көзі. Ал креатив жайлы мүлдем ұмытуға болады. Себебі барлығы бір жерде топтастырылған соң ерекшесін көрсету мүмкіндігі жоғалады.   

 Депутаттардың дәрі-дәрмек жарнамасына тыйым салғанын заңгерлер де құптамай отыр. Себебі спирттік сусындар мен шылым өнімдері денсаулыққа тікелей кері әсер етсе, белгілі бір дәріні қабылдау адамның өз еркінде дейді олар.

 Сергей Уткин, заңгер:

-Мүмкін жүз мың адамның ішінен бір-екеуі жарнамаға қарап дәрі сатып алып, жағдайы нашарлаған шығар. Бірақ бұл қалғандарына қатысты шектеу қою қажет деген сөз емес. Себебі кез келген адам ақпаратпен танысуға құқығы бар. Ол дәрі-дәрмек жайлы ақпарды еркін алуына жағдай жасалуы тиіс.

Ақпарат құралдарының ешкімге тәуелді болмай, хабар таратуы үшін басты табыс көзі жарнама екені жасырын емес. Қазір жарнамаға қатысты бұл тыйымның телеарна, радио мен газет-журналдардың бюджетіне қаншалықты кері әсер ететінін болжау қиын. Бірақ жұрттың ақпарат алатын балама көздерінің бірі жабылатыны анық.