Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Актриса, продюсер Дариға Бадықова бұрынғы күйеуінен сұхбат алған Нұрсейіт Жылқышыбайды сотқа берген еді. Бірер күн бұрын журналистің мүддесін қорғаған заңгер Инга Иманбай «сотта жеңдік» деп видео жариялады. Алайда, Бадықованың қорғаушысы Айгүл Орынбек сот актісінің күшіне енбегенін мәлімдеді.
«Адамның ар-намысы, іскерлік беделі және отбасылық құпиясын көпшіліктің алдында таптау—ол сөз бостандығы емес!
«Жаңа Конституция не үшін керек?» деп шулап жатқандарға жауап қарапайым: дәл осындай өсек пен төсектен ары аспайтын «журналистиканы» сүзгіден өткізу үшін керек. Себебі сөз бостандығын желеу етіп, кім кіммен, қанша рет төсектес болғанын, ол төсек қатынасынан ләззат алғанын, алмағанын жазу сөз бостандығы ма?! Бұндай өсек пен төсек әңгімені «қоғамдық мүдде» деп ұсыну — журналистика емес, бұл — арзан сенсация.
Өкінішке қарай, кейбір БАҚ кеңістігі ақпарат алаңын порно алаңына айналдырып алды. Құқықтық мемлекетте мұндай әрекеттердің құқықтық бағасы болуы тиіс.
Дариға Бадықоваға қатысты істе менің командам жеңілді деп айтуға әлі ерте. Қолымызда заңды күшіне енген сот шешімі жоқ. Ал екінші тараптың апелляциялық тәртіп аяқталмай жатып «жеңдік» деп жар салуы — құқықтық мәдениеттің төмендігін көрсетеді. Заң тұрғысынан алғанда, сот актісі заңды күшіне енбей тұрып қандай да бір жеңіс туралы мәлімдеу — кемінде процессуалдық әдепке қайшы», — деп жазды ол.
Сондай-ақ, ол Инга Иманбайдың әрекетін «заңды білмеу немесе біле тұра елемеу» деп бағалады.
«Одан бөлек, толық күшіне енбеген шешімді қоғам алдында «жеңіс» ретінде көрсету — сотқа жанама қысым жасау әрекеті деп білемін. Сонда бізде сөз бостандығы деген — кез келген адамның отбасылық өмірін ел алдына жайып салу ма? Ерлі-зайыптылар арасындағы құпияны жариялау заңмен қорғалатын жеке өмірге қол сұғу екенін естен шығармаған жөн. Ал апелляциялық сатыдан өтпей жатып «мен жеңдім» деу — құқықтық тұрғыдан негізсіз мәлімдеме ғана. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл — заңды білмеу немесе біле тұра елемеу.
Құқықтық мемлекет эмоциямен емес, заңмен өмір сүреді. Ал заңда соңғы нүктені тек заңды күшіне енген сот шешімі ғана қояды. Жаңа Конститутция бізге осы үшін керек!», — дейді Айгүл Орынбек.
Еске сала кетейік, Дариға Бадықованың бұрынғы күйеуі Дархан Мұсаев Нұрсейіт Жылқышыбайға сұхбат беріп, актрисамен өткен отбасылық өміріне қатысты өкініштері туралы айтқан еді.