«Кальян туралы шындық»! Кездесулерін осылай атаған мамандар дүйім жұртқа оның зиянын түсіндіруге тырысып бақты. Өйткені, жастар «жасанды гламурға» еліктеп, өмірлеріне балта шауып жатқандарын білмейді деп дабыл қағуда. Сондықтан іске білек сыбана кірісетін уақыт жетті деп отыр. Яғни, алдағы 5 жыл ішінде елімізде кальян шегуге мүлдем тыйым салынбақ. Себебі, мынада: кальян шеккен адамның ағзасынан 8 түрлі жұқпалы ауру белгісі анықталған.
Жандарбек Бекшин, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:
— Кальянның ішіндегі шыныдағы суды зерттедік. Зерттеген кезде стофилокок анықтадық, ішек таяқшасын анықтадық, саңырауқұлақ дейміз, соны анықтадық. Ол өкпеге өте-мөте қауіпті және емделуі қиын.
Темекі шегудің бұл экзотикалық түрі — елімізге де сол кальянның отанынан- Үндістаннан келіпті. Олардың өздері енді қауіптілігін анықтап, көзін жоймаққа тырысып жатыр. Тұқымымызды тұздай құртты деп. Көпшілік жерде кальян шеккендерді қамауға алып, айып көлемін де ұлғайтқан. Біздің дәрігерлер де сәнді демалу түріне айналған кальянға тыйым салуды осы бастан қолға алмаса, кеш болуы мүмкін дейді.
Алексей Пак, "Ұлттық ғылыми-медициналық орталық" АҚ респираторлық медицина бөлімінің жетекшісі:
— Мейрамханаға кіріп, кальянды түтіндетіп отыған адамның жанынан өтіңізші. Мүгедек болып шыға келуге сізге осы да жетіп жатыр.
Бүгінде кейбір қазақстандықтар кальянды араб, түрік елдерінен кәдесый ретінде көтеріп келіп жүр. Тіпті мейрамханаларда самсып тұрған кальянға кейбіреулер тек тәтті сусын, шарап қана емес, есірткі де қосып шегеді екен. Ал енді бірі кальян темекісінің сыртында "никотині жоқ" деген жазуға сенеді. Бұл тек маркетингтік айла дейді мамандар. Шынтуайтқа келгенде, болашақ баланың өмірге мутант болып келуіне де бірден-бір себепші осы кальян екен.