"Дәстүрлі қоғамға жат қылық": Алимент алған бала өскенде қарт ата-анасын бағуға міндеттеле ме? - kaz.caravan.kz
  • $ 499.65
  • 582.89
+4 °C
Алматы
2025 Жыл
5 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Дәстүрлі қоғамға жат қылық": Алимент алған бала өскенде қарт ата-анасын бағуға міндеттеле ме?

"Дәстүрлі қоғамға жат қылық": Алимент алған бала өскенде қарт ата-анасын бағуға міндеттеле ме?

Қараусыз қалған ата-ана өз балаларынан алимент өндіріп алуға құқылы.

  • 15 Тамыз
  • 27
Фото - Caravan.kz

Ресми ажырасқан кейбір аналар балалардың әкесінен алимент алудан біржола бас тартады екен. Оның себебі де бар. Бүгін әкесінен алимент алып өскен бала ертеңгі күні қарттық жасқа жеткенде оны бағуға міндетті болады екен-міс. Яғни, бүгінгі кішкентай балалар ертең өскенде сол әкесін бағуға міндетті болмасын деп қазірден «алдын алатын» көрінеді. Бұл қаншалықты рас? Шынымен де, бүгін алимент алған баланы болашақта осындай үлкен жауапкершілік күтіп тұр ма? Рас болса, көп адам ол жайында білмейді. Caravan.kz медиа порталы білікті сарапшылардың пікіріне сүйеніп, саралап көреді. 

Алиментті тек әкелер ғана емес, аналар да төлейді

Оны реттейтін «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекс бар. Сол Кодекс аясында ерлі-зайыптының некесіне нүкте қоятын сот кәмелетке толмаған баланы кімнің тәрбиесінде қалдырса, екінші тарап соған алимент төлеуге міндетті. Яғни, алимент, баланың құқығы болса, ал оны төлеу ата-ананың тікелей міндеті. Бұл жерде адам жынысы маңызды емес.

Қаржылық сауат арнасына ресми түрде жауап жолдаған Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату комитеті ҚР заңнамасында ата-ананың бірінен алимент алып өскен бала болашақта қарттық жасқа келген әкесін немесе шешесін бағуға міндеттелуі туралы нақты көзделмегенін айтады.

Сондықтан, алимент төлеу туралы келісімді орындаудан біржақты бас тартуға немесе оның шарттарын біржақты өзгертуге тыйым салынады.

Бірақ, Кодекстің 145-бабының 1-және 5-тармақтарына сәйкес, еңбекке жарамды кәмелетке толған бала көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз өзінің ата-анасын күтіп-бағуға және оларға қамқор болуға міндетті. 

Ал, егер Сот бұрын әке-шеше балалары алдындағы ата-аналық міндетін орындаудан жалтарғанын анықтайтын болса, ол кезде балалар көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-анасын күтіп-бағуға қатысты міндеттерінен босатылуы мүмкін. 

Яғни, балалар ата-ана құқығынан айырылған әке-шешесіне алимент төлеуден босатылады. Бірақ, бұл нормада: ата-ананың материалдық жағдайына қарамастан, егер олар еңбекке жарамсыз және көмекке мұқтаж болса, кәмелетке толған балалары әке-шешесін асырауға міндетті деп көрсетілген.

Осы мәселеге қатысты қандай да бір құқықтық консультация алғыңыз келсе, 119 нөмірі бойынша Call-орталыққа жүгінуге болады. 

Алимент түсінігі қайдан шықты

О баста алимент туралы түсінігіміз басқаша болатын. Оны отбасынан ажырап кеткен әке ғана төлейтіндей көрінетін. Яғни, алиментке қатысты ассоциациямыз осындай еді. Әрине, қоғамда олар аз болса да, алимент төлейтін әйелдер де кезігеді. Өйткені, ел ішінде әкенің қолында қалып жатқан балалар жоқ емес, ондайда бөлек кеткен анаға да алимент төлеу міндеті жүктеледі.

Ал заң бойынша қараусыз қалған ата-ана да өз балаларынан алимент өндіріп алуға құқылы. Атырауда осындай жағдай болыпты. 80 жастағы қария 8 баласы мен немересінен алимент өндіріп алған. Зейнеткер 10 жыл жалғыз тұрып келіпті. Денсаулығы сыр беріп, күн көрісі нашарлағасын көмекке зәрумін деп сотқа шағым түсірген.

Сот әр баласының отбасылық, материалдық жағдайын саралап, қарияның талабын ішінара қанағаттандырған. Сөйтіп, зейнеткерге тамағы мен дәрі-дәрмегін алып отыру үшін балалары мен немересінен алимент өндіруге шешім шығарған.

Егде жастағы көп адам өз құқығын бұлай біле бермеуі мүмкін. Білсе де, өз мүддесін қорғай алмай жатады. 80-ге келсе де заң біліп, есесін жібермей, өзіне қамқор бола алмаған балаларын әділетпен «сілкіп» алғаны көңіл қуантады. Бір-екі баладан қайыр болмаса, тұрмысы мүмкіндік бермеген шығар деп кешіріммен қарауға болатын шығар, ал сегіз баланың алаңсыз өмір кешіп жатқаны көңілге қаяу түсіреді екен. Қалай десек те, біздің менталитетке келмейтін қылық. Олар да бала сүйіп отырған болар, дүние кезек деген, қолдан келсе, қарияның қабағына кірбің түсірмеген жақсы ғой. Ең дұрысы алиментке жеткізбеуге тырысу керек. 

«Алимен» сөзі латын тілінен шыққан, alimentum деп аталады, мағынасы “тағам, азық, асырау” дегенді білдіреді. Бұл термин алғаш Рим құқығында қолданылған. Ежелгі Римде alimentum тек тамаққа ғана емес, жалпы біреуді материалдық жағынан қамтамасыз ету, асырау міндетіне қатысты айтылған. Мысалы, ата-ана баласын, ал ересек бала қартайған ата-анасын асырауға міндетті болған.

Кейін бұл ұғым құқықтық термин ретінде көптеген еуропа тілдеріне енді: француз тілінде aliments, орыс тілінде алименты, ал қазақ тіліне осы орысша нұсқасынан ауысқан. Яғни, түп негізінде “алимент” — тамақтандыру, асырау мағынасынан шыққан, бірақ қазіргі заңдағы мағынасы балаларды немесе отбасы мүшелерін материалдық қамтамасыз етуге арналған міндетті төлемдер.

Қазақ қоғамында алимент ұғымы батыстық заңдағыдай ресми атаумен ерте заманда болмаған, бірақ мазмұны жағынан ұқсас дәстүрлер өте ертеден бар.

Дәстүрлі қоғамдағы түсінік

Көшпелі қазақ қоғамында отбасы мен ру бірлігі аса маңызды болғандықтан, баланы асырау тек әке-шешенің ғана емес, бүкіл әулеттің, тіпті рудың борышы саналған. Егер ата-ана ажырасса немесе ер адам басқа шаңырақ құрса, баланы көбіне анасының қолында қалдырып, әкесі мал, азық немесе киім-кешекпен қамтамасыз етуге міндетті болған. Кейде бұл көмекті әкенің туыстары атқарған, әсіресе егер әке қайтыс болса. Жесір қалған әйел мен жетім балаға “әмеңгерлік” (марқұмның інісіне немесе туысына қосу) арқылы да материалдық қолдау көрсетілген.

“Алимент” термині қазақ заңдарына тек Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, 1920–1930 жылдары кірді. 1918 жылғы РСФСР-дің “Неке және отбасы туралы” алғашқы кодексі Қазақстанда да қолданылып, ерлі-зайыптылардың ажырасқаннан кейін баланы бірге асырау міндетін заңмен бекітті. Сол кезден бастап “алименты” сөзі ресми құжаттар мен сот ісінде қолданыла бастады.

Перейти к новостям спорта