Дауға айналған бюджетті Мәжіліс бекіткенімен қаржылық құжат жыл соңына дейін қайта өзгеруі мүмкін - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+14 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Дауға айналған бюджетті Мәжіліс бекіткенімен қаржылық құжат жыл соңына дейін қайта өзгеруі мүмкін

Дауға айналған бюджетті Мәжіліс бекіткенімен қаржылық құжат жыл соңына дейін қайта өзгеруі мүмкін

Ақордадағы жиыннан соң министрлер түгел Мәжіліске асықты. Мәсімов бастаған Министрлер кабинеті төменгі палатада триллиондаған теңгені талқыға салып, алдағы үш жылдық бюджетті бекітіп алды. Бірақ, басты қаржылық құжат әлі талай өзгеріске ұшырауы мүмкін. Үкімет басшысы Елбасының халыққа жолдауынан кейін бюджетті қайта қараймыз деп депутаттарға бірден ескертті. Сонымен, тек 2016 жылғы бюджеттің өзі 7 трлн. теңгеден асады. Алдағы әлеуметтік төлемдер, зейнетақы, жәрдемақы мен жалақының көлемі осы қаржыға тікелей байланысты.

  • 19 Қараша 2015
  • 353
Фото - Caravan.kz

Бүгінгі құжаттың қабылдануына қарай әр министрліктің тағдыры  шешілетіндіктен түстен кейін Үкімет басшысы қарамағындағылардың бірін қалдырмай Мәжіліске ерте келген. Дариға Назарбаева да бұрынғы әріптестерінің алдына премьердің орынбасары ретінде алғаш рет келді. Әсіресе, президенттен әбден сын естіп келген Қаржы, Экономика министрлері ерекше қобалжулы.

Сонымен, келесі жылдың бюджеттік шығыны 7 трлн теңгеден асады. Министрлердің басты мақсаты – осы қыруар қаржы бөлінсе, жұрттың әлеуметтік бар мәселесі шешілетініне депутаттарды сендіру.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

-Зейнетақы төлемдерін ұлғайту қағидасы, жалпы соммасы 94 миллиард теңгеге сақталғанын айта кету керек. Сондай-ақ, халықты тұрақты жұмыспен қамту, ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдем көрсету мақсатында 3 жылға 114 миллиард теңге бағытталатын болады.

Экономика министрінің баяндамасы да оптимизмге толы. Ерболат Досаевтың айтуынша, 2016 жылы бюджеттің кірісі 3 трлн-нан асып жығылады екен. Ал, инфляция деңгейі 6-8 пайыздан аспайды. Сондай-ақ, министр алдағы жылдары мемлекеттік бағдарламаларды орындау үшін Ұлттық қордан қосымша бір тиын да алмаймыз деп отыр.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

-Алдында берілген кепілдендірілген трансферт 2 трлн. 400 млрд.теңге. Басқа қосымша трансферттер Ұлттық қордан алмаймыз.

Бюджет қаржысының басым бөлігі әлеуметтік төлемдер, зейнетақы, жәрдемақы мен жалақының көлемін арттыру үшін жұмсалмақ. Сондықтан Денсаулық сақтау және Білім министрлігінен ақшаны аса үнемдедік дейді премьер-министр. Үкімет тіпті дағдарысқа қарсы үлкен бағдарлама да дайындап қойыпты.

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер министрі:

-Дағдарысқа қарсы бағдарлама дайын.Құжатты тек қабылдап, жүзеге асыру керек. Бүгін бюджетті қабылдасақ. Бұл жоспарымыз да орындалар еді.

Бюджет төңірегенде талай рет тартысқан депутаттар болса, алдарына күнде келе бермейтін премьерге қарамағындағылардың сырттан миллиардтап қарыз алып, мемлекеттің мойнына іле беруді тоқтатуды сұрады.

Розақұл Халмұрадов, Мәжіліс депутаты:

-Соңғы 5-6 жылдың ішінде үкіметтің қарызы жылдан жылға өсіп келеді. 2010 жылы борыш 2,2 трлн теңге босла, бүгін 7 трлннан асып кетті. Талқыланып жатқан бюджетте 2016 жылдың соңында ол 9 трлн теңге мөлшерінде белгілеу ұсынылған.

Осылайша депутаттар бұған дейін талай дау тудырған үш жылдық бюджетті ақыры бекітіп берді. Құжатты енді ертең Сенат қарайды. Алайда, Кәрім Мәсімов басты қаржылық құжатқа әлі талай өзгеріс енетінін, қайта қарайтындарын бірден ескертті. Өйткені, жылдың соңында Елбасы жолдауын  жариялайды. Яғни, Үкіметке жаңа тапсырмалар берілуі мүмкін.

Соңғы жаңалықтар