Бүгін журналистің үстінен арызданған Ләйлә Сұлтанқызы соттан істі тоқтатуды сұрап, өтініш тастаған. Ал осы уақытқа дейін айыпталушы болып келген Бибігүл Дәулетбекқызы енді Ләйла Сеңгірбековамен азаматтық іс бойынша соттасуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төрт айдан аса уақыттан бері жауапкер ретінде сотқа шақырылып жүрген журналист моральдық тұрғыда зардап шеккеннен бөлек, қаржылай да шығынға батқанын айтады (миллион теңгеден астам – авт.). Қылмыстық іс бойынша отырыс бүгін Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 сотында жалғасу керек болған. Бірақ, судья сот залында отырған журналист Бибігүл Дәулетбекқызы мен адвокат Айман Омароваға қарсы тараптың арызы бойынша істің тоқтатылғанын хабарлады.
Судья Әділ Бакин таныстырған бір беттік өтінішхатта «Қазір Сеңгірбекова. Л Алматы қаласы Бостандық ауданының сотына Бибігүл Дәулетбекқызы Ысқақоваға қатысты ар намысты қорғау туралы талап арыз тапсырғалы жатыр. Сондықтан соттан Бибігүл Дәулетбекқызы Ысқақоваға қатысты Сеңгірбекованың шағымын қайтаруыңызды сұраймын» деп жазылған.
Белгілі журналист Бибігүл Дәулетбекқызының үстінен ҚР ҚК 130-бабының (жала жабу) 2-тармағы (Көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет) бойынша іс қозғалған. Бұл жаза бойынша айыпты деп танылған тұлғаға сот екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл сала алады. Сондай-ақ шартты жазадан бөлек екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын айыра алады. Ал журналистің адвокаты Айман Омарова бұл жерде қылмыстық құрамның мүлдем жоқ екенін, арызданушылар өзгені де, өздерін де құр әуреге салып қойғанын жеткізді.
«Бұл жерде прокурор жоқ. Бұл бір. Екіншіден, біз оған (Л.Сұлтанқызы – авт.) арызын ал деген жоқпыз. Біз оның алдына кеп жалынған жоқпыз. Біз басында айттық, қылмыс құрамы жоқ деп. Бибігүл тек «Бағдарламада қыздардың ар-намысына тиген деп санаймын» деп өзінің пікірін айтқан. Мен де солай ойлаймын. Бұл бағдарлама кішкентай балалардың да құқығын бұзған», — деді адвокат Айман Омарова.
Адвокат 130 бапты қайта қарау керек деп есептейді және қылмыстық кодекстің бұл бабы істе қылмыстық құрамның бар-жоғын анықтамайтынын айтады. Сондай-ақ адвокаттың айтуынша, істі тоқтату бойынша берілген өтінішке қарамастан, арыз бойынша іс қозғала береді. Оқиғаның ақ-қарасы тек сотта ғана белгілі болады.
«Жеке айыптау шағымының ерекшілегі сол — арыз жазылса, ары қарай жалғаса береді. Ол (Л.Сұлтанқызы) өзінше қылмыс құрамы бар деп ойлайды. Оған басында «Ләйлә Сұлтанқызы, бұл жерде қылмыстық құрам жоқ» деп түсіндіруі керек еді. Сонда бұл ары кетсе азаматтық іс ретінде қаралатын еді. Онда да сараланады. Бірақ, олардың осы бағдарламаға бола сотқа беруге моральдық құқығы да жоқ. Олар Сәлімбаева деген өкілі, адвокаты арқылы «арызданамыз» деп жазыпты. Қашан? Онда біз де арыздана аламыз. Азаматтық іс болуы мүмкін», — деді Омарова.
Ал, сотттың дәл былай орта жолда тоқтайтынын күтпеген журналист Бибігүл Дәулетбекқызы, керісінше құжаттарды қаттап, сөз жарыстыруға да арнайы дайындалғанын айтады. Сондай-ақ бірнеше ай бойы сотқа барып шаршағанын, адвокаттың ақысынан бөлек бір миллион теңгеден астам шығынға батқанын айтты.
«Әке-шешем менен де қатты күйзелді. Уайымнан қан қысымы көтерілген жағдайлар да болды. Мен алдымен осы ата-анам үшін қылмыстық істен ақталуым керек дедім. Ақыры басталған екен, мен принципке барып, дәлелдерді алып келдім. Мына флешканың ішінде фактілер көп. «Өз ойым» бағдарламасының көзбояушылыққа барып, кейіпкерлерді арнайы актерлер сомдағаны, адамдарды алдап шақырғаны туралы…. Осының бәріне дайындалып, құлшынып сөйлеймін деп келіп едім. Бірақ, ондай ештеңе болған жоқ. Ары-бері сенделіп жүргенде бір миллионнан астам ақшам кетті», — дейді журналист Бибігүл Дәулетбекқызы.
Ұзаққа созылған істің аяқталғанына қуанған журналист алдағы уақытта Ләйлә Сұлтанқызын азаматтық іс бойынша сотқа беруі мүмкін екенін айтты. Бірақ, бұл жұмыстардың қалай жүзеге асатыны адвокаттың кеңесінен соң белгілі болмақ.