Жарияланды: 670

Дауылдан кейінгі Іле Алатауы саябағын тазалауға ауа райы кедергі болып тұр

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи саябағын 17-ші мамыр күні болған дауылдың салдарын жою жұмыстары жүріп жатыр.

1372 текше метр ағаш даярланып, 19 гектар аумақ тазаланды. Бұл жайында бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аң шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев Алматыда арнайы өткен баспасөз мәслихатында айтты. «Жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалғанымен, тазарту жұмыстары нөсер жаңбырдың салдарынан баяулап қалды. Бұл жерде ауа райының қалыпқа келгеніне үш күн болғаны өздеріңізге белгілі», -деді Е.Нысанбаев. Орманды тазалау ісіне жалпы саны 350 адам жұмылдырылған, оның 80-і Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи саябағын қалыпқа келтіруде. 150-і ағаш дайындаушылар және 120 адам ҚР ТЖМ-ның қызметкерлері.Жұмысшылардың техникалық жабдығында 70 моторлы ара, 11 шынжыр табанды трактор, 13 жүк көлігі бар. Сонымен қатар министрлік құлаған ағаштарды кәдеге асыруда үлкен жұмыстар атқарып жатыр. бүгінге дейін әр шаршы метрі 25 мың теңгеден 130 текше метр ағаш кәдеге асқан. «БАҚ өкілдерін дауылдан құлаған ағаштарды кәдеге асыру мәселесін кеңінен жазуға шақырамыз. Өйткені қазірге дейін 950 текше метр ағаш сатылмай қоймаларда жатыр», -дейді Комитет басшысы. Жиын барысында орманды қалыпқа келтіру жұмыстарына орай 2012-2014 жылдарға 57,3 миллион теңге бөлінгендігі айтылды. Сондай-ақ ормандағы ағаштарды тексеріп шығу жұмыстары өткізілген және осы мақсатқа 72 миллион теңге бөлінбек.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін