Жарияланды: 680

Давоста жыл сайынғы Бүкіләлемдік экономикалық форум басталды

Бүгін, 21-қаңтарда Давоста жыл сайынғы Бүкіләлемдік экономикалық форум басталды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне форумның ұйымдастыру комитетінен хабарлады.

Биылғы форумға "Қауіпсіздік және тұрақтылық мақсатындағы өзара әріптестік" тақырыбы арқау болмақ. 5 күндік форум барысында семинарлар, пікірталастар мен жалпы отырыстар секілді 205-дей түрлі кеңестер өткізіледі. Оларға саясат және бизнес саласындағы лидерлер, аймақтық топтар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысады. Форумның негізін қалаушы әрі оның жетекшісі Клаус Шваб алдағы Бүкіләлемдік форум туралы өз әңгімесінде әр саладағы әлемдік лидерлер тұрақтылықты қамтамасыз етпейінше, экономикалық өсімді сақтап қалу мүмкін емес екендігін жан-жақты саралауы тиіс деген болатын. 2004-жылғы форумда бүкіләлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, дүниежүзіндегі экономикалық өсімді ынталандыру, тәуекелділіктің жаңа түрлерін басқару, жаңалықтарға қолдау көрсету, байлықты әділетті бөліске салу сынды мәселелер талқыланады. Форумға әлемнің 94 елінен 2280 адам қатысады. Олардың 534-і дамушы елдерден. Қатысушылардың 50 проценті экономиканың түрлі салаларындағы 1000 компанияның бизнес лидерлері болмақ. KZ-today ақпараттық агенттігіне ҚР СІМ-нен хабарлағанындай, қазір еліміздің ресми өкілдерінен форумға кім қатысады деген мәселе шешілуде. СІМ-нің ақпаратына сәйкес, бұған дейін Давостағы форумға биыл республиканың ресми өкілдері бармайды, оған тек іскерлік өкілдері қатысады деп жоспарланған көрінеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін