Бұл туралы БҰҰ Жаңалықтар орталығы хабарлайды, деп жазды Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап
Еуропада коронавирус жұқтыру оқиғаларының апта сайынғы саны сәуір айының ортасынан бастап 60 пайызға – 1,7 млн-нан 685 мыңға дейін қысқарған. Әсіресе егде жастағы адамдар арасында вирус жұқтыру және одан қайтыс болу оқиғаларының саны айтарлықтай қысқарды. Бүгінде 80 жастан асқандар ауру жұқтыру саны жағынан тізімнің соңында тұр. 80 жастан асқан адамдардың 75 пайызына вакцина егілді. Алайда ДДСҰ-да мұндай жағдай бұған дейін болғанын еске салады. «Біз COVID-19 таралу деңгейінің төмендеуін бақылаған едік, бірақ оның соңынан денсаулық сақтау жүйесі мен экономикаға кері әсер еткен коронавирустың жаңа толқыны басталып кетті. Бұған дейін жіберген қателіктерімізді қайталамайық», — деп үндеді ДДСҰ-ның аймақтық директоры Ханс Клюге. Ол өз сөзінде Еуропалық аймақта COVID-19 вирусының 1,2 млн адамның өмірін қиып әкеткенін атап өтті.
Вакциналар COVID-19 вирусының барлық нұсқаларына қарсы әсер етеді. Бұдан бөлек, алғаш рет Үндістанда анықталған B.1.617 нұсқасы анықталды.
Бұл ретте көптеген елдер карантин шектеулерін біртіндеп алып тастап, жазғы айларда жаппай іс-шараларды жоспарлап отыр. Адамдар жиі араласып, саяхатқа шығып отырады, бұл вирустың таралу қаупін тудырады. Сондықтан вакцина егілген болса да, эпидемиологиялық шараларды екі еселендіру – тест өткізіп, секвендеу, оқшаулау, байланыста болғандарды анықтап, оларды карантинге отырғызу маңызды.
«Нөлдік қауіп деген түсінік жоқ», — деп атап өтті Ханс Клюге. Вакцина да, тестілеу де сақтық шараларының орнын толтыра алмайды, сондықтан маска тағу, арақашықтықты сақтау, қол жуу, бөлмелерді желдетіп, адам көп жүретін жерлерге бармау қажет. Айта кетсек, Еуропада вакциналау өте бяу жүріп жатыр: вакцинаның бір дозасын аймақ тұрғындарының тек 23 пайызы алған, ал толық екпе алғандар саны тек 11 пайыз ғана.
ДДСҰ мақұлдаған вакциналардың COVID-19 вирусының барлық нұсқаларынан қорғайтыны жақсы жаңалық, алайда еуропалықтардың басым бөлігі әлі де екпе салдыртқан жоқ.
Вакциналаудың төмен қарқыны мен қазіргі жағдайды есепке ала отырып, ДДСҰ белсенді саяхаттауға кеңес етпейді.