Елімізде әлемдегі өзге мемлекеттерде сияқты әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылар бар. Олардың қатарына көп балалы отбасылар, аз қамтылған жанұялар, мүмкіндігі шектеулі адамдар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері кіреді. Заманауи қоғамның басты парызы – көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беру. «Дегдар» қоры азық-түлік жиынтықтарымен көмек көрсету жобасын тұрақты түрде жүзеге асырады. 65 килограммды құрайтын азық-түлік себеті ең қажетті тауарларды қамтыды, оның ішінде: көкөністер, күріш, макарон өнімдері, қарақұмық, қант, өсімдік майы, консервіленген ет, шай, гигиена заттары, т.б.
Наурыз мерекесі қарсаңында «Нұр Әлем» ҚҚ-мен бірлесіп Нұр-Сұлтан қаласында 500 азық-түлік себеті берілді. Көмек көрсетілгендердің қатарында көп балалы және аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар бар.
Елордадан кейін азық-түлік себеттері жинақталған көлік Алматы қаласында жалғасын тапты. Бұл қалада «Дегдар» қорының әлеуметтік көмегі «Арди» орталығының БЦП диагнозы бар балалардың ата-аналарын, ҰОС кеңесінің ардагерлері және Мүгедектер қоғамының мүшелерін қамтыды. Олардың көбісі берілген азық-түлік себеттерінің бір айға жететініне қуанып, үнемделген ақшаны енді өзге де қажеттіліктерге жұмсайтынын жеткізді.
Қайырымдылық жобаның соңғы кезеңі Өскемен қаласында өтті. «Дегдар» қоры ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне 200 азық-түлік себетті үлестірді. Бұл көмек материалдық табысы төмен адамдарға көрсетілген айтарлықтай қолдау болып табылады.
— Үлкен жұмыс жүзеге асырылды. «Біз әрдайым халықтың жанындамыз» деген біздің ұйымның ұраны осы жолы тағы да өзінің өзектілігін дәлелдеді. Қордың қызметкерлері азық-түлік себеттерін жинақтауға әрдайым үлкен жауапкершілікпен кіріседі, барлық өнімдерге деген сұраныстар мен талаптарды жан-жақты зерделейді. Бұдан кейін азық-түліктер сатып алынып, арнайы себеттер жинақталады, көліктерге тиеліп, көмекті асыға күткен қалаларға жөнелтіледі. Азық-түлік тауарларының таратылуын қордың қызметкерлері толықтай қадағалайды. Әрбір жобаның артында үлкен еңбек тұр. Біз үшін ең үлкен алғыс – көмекке мұқтаж жандардың бақытты жүздері мен ертеңгі күнге деген сенімділігі. Біз халыққа шынымен де қажетті жобаларды жүзеге асырып, әрдайым халық жанынан табыламыз! – деп жеткізді «Дегдар» гуманитарлық қорының директоры Лаура Ахметова.
«ДЕГДАР» гуманитарлық қорының ұжымы 20 жылдан бері халқымызға қолдау көрсетіп, үнемі алғашқылардың бірі болып көмекке мұқтаж азаматтарға жәрдем беріп келеді. Қиын сәттерде «Дегдар» қоры әрдайым халықтың жанынан табылып, қол ұшын беруге дайын!