"Денсаулығым мен жұмысымнан айырмасын деп тіледім": Танымал тележурналист тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-5 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Денсаулығым мен жұмысымнан айырмасын деп тіледім": Танымал тележурналист тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтты

"Денсаулығым мен жұмысымнан айырмасын деп тіледім": Танымал тележурналист тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтты

Айтатын уақыт келді.

  • 19 Маусым
  • 9
Фото: ашық дереккөз

Танымал журналист, сенатор Дана Нұржігіт екінші некесінің сәтсіз болғанын айтып, орта жаста опасыздық пен зәбір көргенін айтып берді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жазды.

“Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық тақырыбы мені де айналып өтпеді. Жәбірленушінің орнында болып, сот залында тұрамын дегенді кім білген?! Қиындық кімде жоқ. Мен де мойымай, бастысы денсаулығым мен жұмысымнан айырмасын” деген едім. Алайда моральдық-психологиялық қысым алдымен денсаулығыма кері әсерін тигізді. Содан кейін ТВ-да жұмыс істей алмайтын жағдайға жеттім. Басшыға өзім барып, жұмыстан кететінімді айттым. Өйткені түске дейін тергеушінің алдында, түстен кейін тікелей эфирде жұмыс істеуге жарамай қалдым.

Екінші некем баянсыз болып, тоғыспайтын жерден М.Ә. есімді азаматпен мәмілеге келіп, адамша екі жаққа кетудің орнына іс насырға шауып, жабық есік жағдайындағы сот процесіне жетті. Іс 10 айға созылып, тергеу процесінен өттім. Соңғы нүктесі 28 мамырда қойылды. Үкім 13 маусым күні күшіне енді. Істің мән-жайын ашпауға қолхат беріп, уәделестік. Сол үшін артық нәрсе жазбаймын.

Иә, заңды түрде қорғануға мәжбүр болдым. Бір шешімге келерміз деп жүргенде істің арты осынша уақытты алады деп ойламаппын. Жұмыс пен үйдің, баламның берекесі қашты. Қаржылық шығын, жүйкенің тозуын айтпай-ақ қояйын. Бұл оқиға мен үшін үлкен сабақ болды. Әлімнің әкесіне дейін қолдап, “Сақ бол!” деп маған қорған болуға тырысты, жарықтық.

Қолда барда алтынның қадірін біл деген шығар маған. Жер ортасына келгенде Құдай маған «айдың арғы бетіндегі түнектің» қандай болатынын көрсетті. Көрдім де шошыдым. Күрестім. Адал атым үшін, әділет үшін, балам үшін. Енді мен бұл тақырыпты жиі қозғайтын боламын. Қапаста жүрген әйелдерге айтарым: қыспақта ұстағысы келетін еркек тек ашықтықтан қорқады.Батыл болыңыздар. Мені де ұят болады, өз артыңды өзің ашасың ба? деп ұстағысы келді. Бұл қылмыскерлердің әдісі. Заң. Тек ғана заңға жүгініңіздер!, – деп жазды тележурналист.