Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2004-жылғы мамыр айының 20-шы жұлдызында Рудный қаласында балалардың жаппай улану оқиғасы тіркелген. Ауырған балалардың басым бөлігі №53 балабақшада тәрбиленушілер. Аталмыш дерек бойынша облыстық бас санитарлық дәрігер В.Пасичник басқарған арнулы комиссия құрылды.
Алайда, балалардың жаппай улану оқиғасының себептері күні бүгінге дейін анықталмай отыр. Қостанай облыстық прокурорының орынбасары Ыбырай Тілеуғалиев санитарлық дәрігерлердің балалардың улану себептерін анықтай алмауын «парадокс» деп атады. Тазалық дәрігерлері оқиғаның белең алуына жол бермей қоймақ түгілі, ол туралы бейхабар болып шыққан. Қалалық прокурордың араласуымен ғана оқиға туралы ақпарат жарияланды, деді Ы.Тілеуғалиев. Оның айтуынша, облыстық санитарлық қызмет өздеріне тиесілі функциялық міндеттерін орындай алмаумен шектелмей, төтенше жағдайға қатысты нақты ақпаратты бұрмалау салдарынан зардап шеккендер саны одан бетер артып, ахуалды тіптен ушықтырып жіберген. Сондай-ақ, облыстық прокурордың орынбасары Рудный оқиғасынан кейін мемлекеттік санитарлық бақылау департаментінің жетекшісі Василий Пасичниктің Рудный қаласының бас санитарлық дәрігеріне сөгіс қана жариялап, оған кешіріммен қарау себептерін түсіне алмай отыр.
Облыстық прокуратураның мәліметіне сәйкес, аудандық СЭС-терді тексеру нәтижесінде де заң бұзу оқиғалары әшкереленген. Мәселен, санитарлық дәрігерлер әкімшілік заңдарға бағынбайтын болып шықты. Мұндай уәжге дәлел ретінде кінәлі адамдарды әкімшілік жауапкершіліктен жалтартып жіберу, тәртіп бұзушылардың әрекетін әкімшілік кодексте белгіленген бапқа сәйкес бағаламау, әкімшілік айыппұл мөлшерін шектеулі шамадан төмен белгілеу көріністерін атауға болады.
Осы және басқа да себептер мәселенің мән-жайын бас прокуратураға таныстыруға түрткі болған. Өз кезегінде бұл мекеме денсаулық сақтау министрлігіне сұрау салды. Ал министрліктен құрылған алқа облыс әкіміне жергілікті мемлекеттік санитарлық бақылау департаментінің жетекшісі Василий Пасичниктің лауазымға лайық еместігі туралы хат жолдауға шешім қабылдады.