А.Белоногытың айтуынша, Қазақстан аумағында күйдіргі дертінен өлген малдар көмілген 3,5 мың мал қорымы бар. «Соңғы уақытта осындай кейбір ошақтардың белсенділігі артқан болуы мүмкін»,- деді ол. Оның ақпаратына жүгінсек, жыл басынан бері Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында күйдіргі дертіне қатысты 9 оқиға тіркелді.
А.Белоногтың айтуынша, күйдіргі дертінің пайда болуына түрткі болып отырған басты себеп — ауырған малдың етін тамаққа пайдалану болмақ. Осыған байланысты вице-министр халықты «осы кезеңде мал өнімдерін сатып алу барысында мал дәрігерінің рұқсатын қатаң талап етуге шақырды. «Шыққан тегі беймәлім малдың етін сатып алудан бас тарту қажет. Әсіресе, ауылдық жерлерде жиі кездесетін ауру малды сойысқа жығу оқиғасы кездесу мүмкіндігі бар жерде тіптен абай болу керек».
Конго-қырым қанды безгегіне қатысты оқиғаға түсініктеме берген А.Белоногтың айтуынша, жыл басына бері осындай 3 оқиға тіркелді. Екеуі Қызылорда, біреуі Оңтүстік Қазақстан облысында шықты. Министр орынбасарының айтуынша, өткен жылғымен салыстырғанда ауру көрсеткішін үш есе азайтуға жағдай жасалды. А.Белоногтың айтуына қарағанда, қазіргі таңда конго-қырым қанды безгегінің табиғи ошағы саналатын Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 96 елді мекеннің айналасында қорғаныс аймақтары құрылып, 6937 гектар жерде кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, обаның табиғи ошақтарындағы шараларға да баса назар аударылуда. «Өкінішке орай, өткен жылғымен салыстырғанда табиғи ортадағы оба штаммдарының саны арта түскенін обаға қарсы күрес станциялары анықтап отыр»,- деді А.Белоног. Осыған байланысты денсаулық сақтау министрлігінің обаға қарсы күрес қызметі 321,9 мың шаршы шақырым аумақта эпизоотикалық зерттеу жұмыстары жүргізілді. 37,8 мың шаршы шақырым аумақта кеміргіштер арасынан оба микробы табылды. Кеміргіштер мен паразиттерден оба ауруының 546 қоздырғышы алынды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,6 есе артық, деді ол.
А.Белоногтың айтуына қарағанда, министрлік тарапынан осындай ошақтарды бейтараптандыру және ауруды таратпау тұрғысында кешенді шаралар қолданылуда. «Ал денсаулық сақтау мекемелері аталмыш ауру түрлерін емдеуде жоғары кәсіби көмек көрсетуге дайын»,- деді вице-министр.