Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға ескерту жасады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстандық Threads әлеуметтік желісінде хабарлама жариялады.
«Алаяқтар қоңырау шалып, скринингтен өтуге шақырады екен, кейін телефонға келген СМС-кодты айтуды сұрайды. Бұл кодты ешқашан айтуға болмайды. Аналар мен қыздарға ескертіңіздер», – делінген қыздың жазбасында.
Пікір алу үшін Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне жүгіндік.
«Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға скринингтік тексерулерге шақыру түріндегі алаяқтық туралы ескертеді. Қаскөйлер медициналық ұйымдардың атынан хабарласып, скринингке жазылуды растау үшін СМС-кодты айтуын сұрайды. Айта кетейік: мемлекеттік медициналық мекемелер тексеруге жазылуды СМС-код арқылы растауды талап етпейді. Мұндай кодтар, әдетте, цифрлық сервистерге кіру немесе қандай да бір операцияларды растау үшін пайдаланылады және оларды бөгде адамдарға айтуға мүлде болмайды. Алаяқтар бұл мәліметтерді сіздің жеке аккаунттарыңызға немесе цифрлық құжаттарыңызға, соның ішінде eGov, Kaspi, банкинг және басқа да қосымшаларға кіру үшін қолдануы мүмкін», – деп хабарлады ведомство.
Министрлік қазақстандықтарды сақ болуға шақырады:
- СМС арқылы келген кодтарды ешкімге айтпаңыз, тіпті қоңырау шалушы өзін медицина қызметкері ретінде таныстырса да;
- Ақпаратты тек ресми дереккөздерден нақтылаңыз: емхана, eGov порталында немесе медициналық ақпараттық жүйелер арқылы;
- Алаяқтыққа күмәндансаңыз, құқық қорғау органдарына жүгініңіз.