Жарияланды: 820

Депутат халықтың барлық әлеуметтік мәселелері бойынша істерге араласады

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары төртінші сессия барысында ауқымды істерді атқарды.

Заң шығарушылық қызметте де, еліміздің саяси-экономикалық ісіне белсене араласуда да қоғамның алдыңғы шебінен көрінді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясының мүшесі Нұрдәулет Сәрсенов төртінші сессиядағы әріптесері мен өзінің атқарған жұмыстары туралы ойларымен бөлісті. - Нұрдәулет Жұмағұлұлы, төртінші сессия несімен ерекшеленді, қандай бағыттағы заңдар қабылданды? - Осы сессияны ашқан кезде Қазақстанның тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент депутаттарының алдына ауқымды міндеттер қойды. Елбасының халықты әлеуметтік қамсыздандыру жөнінде берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында зейнетақымен қамсыздандыру жөніндегі заңға да тиісті өзгерістер енгізілді. Осы жылдың 1 қаңтарынан зейнетақылар мен шәкіртақы мөлшері 30 пайызға өсті, ал 1 шілдеден бастап бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы да осындай мөлшерде ұлғайды. Жаһандық қаржы дағдарысы жағдайында әлемнің көптеген елдері әлеуметтік төлемдер мөлшерін қысқартып жатқан кезде, біздің елімізде олардың көбейтіліп отырғаны дағдарысқа қарсы шаралардың дер кезінде ұйымдастырылғаны Елбасының сындарлы саясатының арқасында жүзеге асырылып отыр. Қабылданған заңдардың бір парасы құқық қорғау саласындағы реформаға қатысты болды. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметi мен сот жүйесiнiң тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi шаралар туралы» 2010 жылғы 17 тамыздағы Жарлығын іске асыру мақсатында Парламент 16 заң жобасын қабылдады. Бұл заңдарда негізінен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сонымен қатар қылмыстық жазаны ізгілендіру мәселелері қамтылды. Жұмыс қорытындылары Елбасымыз алға қойған міндеттерді Парламент негізінен орындап шықты деп айтуға мүмкіндік береді. Төртінші сессияда Парламент қоржынында барлығы 190 заң жобасы болды, олардың 141-і қабылданды. 107 заңға Елбасы қол қойды. Осы қысқаша шолудың өзі Парламенттің 2010 жылғы қыркүйек пен 2011 жылғы 30 маусым аралығын қамтыған төртінші сессияның ауқымды жұмысын көрсетеді. Бұл нәтиже біздің депутаттарымыздың жұмыс топтары мен комитеттерде белсенді жұмыс істеп, қажетті заңдарды дер кезінде қабылдауға атсалысуы арқасында болып отыр. Әрбір депутат Парламентіміздің, оның ішінде Мәжілістің заң шығару қызметіне лайықты үлес қосып келе жатыр. - Нақты өзіңіз атсалысқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз? - Өздеріміз де заң жобаларына бастамашы болдық. Атап айтқанда, Мәжіліс депутаттары Берік Бекжанов, Зағипа Балиева, Жақып Асанов, Ерзат Әлзақов және өзім «Есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтыру енгізу туралы» заң жобасына бастамашылық жасап, Палата қарауына ұсындық. Мәжілісте жан-жақты талқылаудан өтіп, мақұлданды. Одан кейін Сенат қабылдады. 2011 жылы 31 мамыр күні аталған заңға Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев қол қойды. Түсінік бере кетейін, заң елдегі есірткі ахуалының дамуына мемлекеттік және әлеуметтік бақылауын нығайтуға, оны тұрақсыздандыруға және оның Қазақстанның ішкі және сыртқы қауіпсіздігінің жай-күйіне, халықтың денсаулығы мен әл-ауқатына теріс ықпал етуін шектеуге қол жеткізеді. Осы орайда Қазақстан Республикасында бақылау жасалуға тиісті Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тізімі айқындалды. Бұл заң есірткіні пайдаланудың жасөспірімдер арасында кеңінен таралуы алаңдаушылық туғызып отырғандығынан пайда болды. Жастардың есірткіге әуестенуі белең алып, нәтижесінде зорлық-зомбылық пен адам өліміне әкеп соғуда. Әлеуметтік құбылыс ретінде нашақорлық жаңа құрбандарды тарту есебінен жалғасуда. Сондықтан да жастар арасындағы нашақорлық жылдам таралып отыр. Қоғам мен әлеуметтік орта бұл үдеріске өз ықпалын күшейтуге тиіс. Елімізде халық денсаулығына кері әсерін тигізетін «шөптік микстер» күні бүгінге дейін еркін сатылып келді. Бұл «шөптік микстер» есірткі сияқты әсер етеді. «Шөптік микстердің» кері әсерін түсінген көптеген еуропалық елдер оларды пайдалануға тыйым салған. - Сайлаушылармен тұрақты байланыс жасап тұрасыз ба? - Әрине. «Нұр Отан» партиясы сайлаушылармен кездесуге барлық жағдайлар жасап отыр. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратының кеңсесінде және өңірлердегі өкілдігінде азаматтарды өз өтініштері бойынша қабылдау дәстүрге айналған. Айталық, мен «Нұр Отан» ХДП-ның Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалында және Астана қаласындағы партияның Орталық аппаратының кеңсесінде 119 адамды қабылдадым. Қабылдауда болған азаматтар көп жағдайда әлеуметтік мәселелерді қозғайды. Атап айтқанда, тұрғын үймен қамту, жұмысқа орналасу, еңбекақы төлеу, зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерін қайта есептеу арқылы ұлғайту, мектептерде тегін тамақтануға балаларды тиісті балалардың қатарын көбейту және соған бөлінетін қаржыны арттыру, мектептегі кітапханашының мәртебесін айқындау, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің іс-әрекетсіз отыратынына наразылық, сот шешіміне қатысты мәселелер қамтылады. Сонымен қатар шағым білдірушілер материалдық және моралдық шығындардың дер кезінде өтелмеуі, бала бақшадан жеңілдік бойынша орын алу, санаториялық-курорттық емделуге ықпал ету жайын көтереді. Депутат халықтың барлық әлеуметтік мәселелері бойынша істерге араласады, өзекті мәселелердің оң шешілуіне ықпал етеді. Сот органдары тарапынан әділ шешім таппаған жандар да халық қалаулыларына шағымданып, дұрыс шешім шығуына көмек сұрайды. Сондықтан депутаттың және бір қызметі тиісті мемлекеттік органдарға сауалдар жолдау арқылы жүзеге асырылады. Өткен сессияда парламентшілер әр түрлі деңгейдегі лауазымды тұлғаларға 900-ге жуық депутаттық сауал жолданған екен. Олар мемлекетіміздегі көптеген көкейкесті проблемаларды қамтып, әр түрлі билік органдарының нақты іс-әрекеттерді жүзеге асыруына ықпал етті. Осы сессия барысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің атына және Үкімет мүшелеріне, еліміздің Бас прокурорына 30-дан астам депутаттық сауал жолдадым. Сонымен қатар азаматтардың 76 арыз-шағымын атқарушы биліктің басшыларына жібердім. Соның барлығы түгелдей болмаса да, басым бөлігі оң шешімін тапты. - Соның бірқатарын тарқатып айтып өтсеңіз? - Мәселен, Үкімет басшысына жолдаған бір депутаттық сауалымда мақта өнімін әлемдік стандартқа сәйкес өндіруге қол жеткізу жөнінде мәселе көтердім. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында мақта шикізатын жан-жақты өңдеп, дайын тауар ретінде шығару мақсатында мақта кластерін құру жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына облыстан «Ютекс KZ» АҚ және «Oxy Textile» ЖШС кәсіпорындары енді. ОҚО бойынша аталған саламен айналысатын барлығы он кәсіпорын бар, оның бесеуі жылына 50 мың тоннаға жуық мақтаны қайта өідейтін ірі өндіріс орны. Алайда, мақтаға әлемдік бағаның өсіп кетуіне байланысты текстилдік өнеркәсіптің қызметі қиын жағдайға тап болды. Олардың тиімді жұмыс істеуі үшін мемлекеттік қолдау қажет. Сонымен қатар мақта өндіретін кәсіпорындарға субсидия бөлу мәселесін қарастыруды ұсындым. Көршілес Өзбекстанда ондай тәжірибе бар. Жалпы, мақта кластерін дамытуға байланысты еліміздің ұзақ жылға арналған бағдарламасын әзірлеп, қабылдаған жөн деп ойлаймын. Осы депутаттық сауалыма берген жауабында Үкімет басшысы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне өзге де ынталы мемлекеттік органдармен, компаниялармен бірлесе отырып, мақта өндірісін дамыту бағытында терең сараптама жасауға нақты тапсырма берілгенін мәлім етті. Айта кетуім керек, «Агрофос-Юг» ЖШС-нің басшылығы маған өтінішпен шығып, аталған кәсіпорынды және оның шығаратын өнімін минералдық тыңайтқыштар өндірісін субсидиялау бағдарламасына қосуға ықпал етуімді сұрады. Үкімет басшысы К.Мәсімовке жолдаған келесі бір сауалымда осы мәселелі қозғадым. «Агрофос-Юг» ЖШС 2008 жылдан бастап «Ұлттық инновациялық қор» АҚ-ның жобалық компаниясы болып табылады, аймақтық мәртебеге ие, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енген. ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов менің ұсынысымды қолдап, аталған мәселенің оң шешім тапқанын хабарлады. - Одан басқа қандай мәселелерді көтердіңіз? - Сондай-ақ депутаттық сауалдардың бірінде жасөспірімдердің арасындағы қылмыстың алдын алу мәселесін көтере келіп, ішкі істер органдары мен білім беру саласының қызметкерлері арасындағы жауапкершілікті айқындайтын уақыт жеткенін еске салдым. Бұған келген жауапта ведомствоаралық комиссияның отырысында бұл мәселенің арнайы қаралып, нақты шешім шығарылатыны жазылған. ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловқа сауал жолдап, мектептегі кітапханашының мәртебесін көтеру қажеттігін айттым. Маған берілген жауапта министр мәселенің дұрыс қойылғанын айта келіп, кітапханашыларды педагогтар ұжымының қатарына қосу және «кітапханашы-педагог» мәртебесін беру мәселесі қарастырылатынын жеткізді. Келесі бір өзекті мәселенің бірі - Шымкент қаласының бірқатар шағын аудандарындағы экологиялық жағдай. 2010 жылы «Самал-3», «Достық», «Қайтпас», «Тельман» және «Киров» шағын аудандарының тұрғындары маған шағымданды. Өйткені қаланың төгілген қоқыстары аталған шағын аудандардың іргесінде жатыр. Таза ауамен тыныстау мүмкін емес. Әр түрлі аурулардың таралуы да мүмкін. Қоқыстардың жағымсыз иісінен дем алудың өзі қиын. Сондықтан тұрғындар қаланың тұрмыстық қалдықтар төгетін орнын алыс жерге көшіру мәселесін шешуге ықпал етуді айтты. Мен бұл мәселені өткен жылы көтеріп, Премьер-Министрге сауал жолдаған едім. Оған қомақты қаржы қажет. Үкімет басшысы осыған орай ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бюджеттік бағдарламасына енгенін жеткізді. 34,3 гектар аумақты қамтитын жаңа қалалық тұрмыстық қалдықтарды төгетін орынның құрылысына жалпы сомасы 1 млрд 107,1 млн теңге қажет. Соның ішінде 2011 жылы 540 млн 316 мың теңге, 2012 жылы 566 млн 832 мың теңге бөлінетіндігі қарастырылған болатын. Алайда, ол мәселе толық шешімін тапқан жоқ. Жобаның құжаттары толық еместігіне орай кейінге шегерілді. ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі 1 млрд 107,1 млн теңге қаражатты қоршаған ортаны қорғау саласындағы басқа жобаларға қайта бөлген. Биыл көктемде сайлаушылармен өткен кездесуде бұл жағдай тағы да қозғалды. Мен Парламент қабырғасында Үкімет басшысының атына тағы да депутаттық сауал жолдап, аталған істі қалай да шешу керектігін жеткіздім. - Қандай жауап алдыңыз? - Үкімет басшысы аталған мәселеге орай депутаттық сауалыма берген екінші жауабында «Шымкент қаласындағы 34,3 гектар қоқыс қалдықтарын өңдеу нысандарын қалпына келтіру» жобасының аймақ үшін маңыздылығын ескере келіп, аталған жобаны қаржыландыру 2012-2014 жылдарды қамтитын бюджет жоспарына енгізілетінін мәлімдеді. Сонымен қатар депутаттар кейде жеке азаматтардың құқығын қорғау, мәртебелерін көтеру ісіне де араласатыны анық. Осы орайда Елбасы қолынан ІІ дәрежелі «Айбын» орденін алған ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің сарбазы Ербол Отарбаевқа Шымкент қаласынан үш бөлмелі пәтер беру мүмкіндігін қарастыру жөнінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мырзаға өтініш білдіріп, ықпал етуін сұрадым. Әзірге Е.Отарбаевқа кезектен тыс тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік болмай тұрғаны жөнінде жауап алдым. Дегенмен Оңтүстік Қазақстан облысының және Шымкент қаласының әкімшілігі, облыс және қала мәслихаты алдағы уақытта бұл мәселенің оң шешімін табады деген ойдамын. Өйткені жас ұрпақты патриоттық тәрбиеге баулуда Ербол сияқты үлгі тұтар азаматтарымызды құрметтеу - елдік парызымыз. - Спортты жаныңыз сүйеді. Кейде әріптестеріңізбен бірге футбол ойнағаныңыз да көріп жүрміз. Бұқаралық спортты дамыту, жастарға қолдау көрсету бағытында іс-шаралардың өтуіне өзіңіз де атсалысқан шығарсыз? - Иә, заң шығарушылық қызметпен қатар салауатты өмір салтын насихаттауға да өз үлесімді қосуға тырысып, бірқатар спорттық шаралардың жүзеге асуына атсалыстым. Атап айтқанда, өткен жылы желтоқсанда ел тәуелсіздігінің 19 жылдығына орай «Тұран» футбол клубының кубогы үшін Шымкент қаласындағы ардагерлер арасында шағын футболдан қысқы чемпионат өткізілді. Оған 700-дей адам қатысып, тамашалады. Қажымұқан атындағы орталық стадионда Шымкент қаласының ардагерлері арасында футболдан жарыстар болды. Бұл турнир 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне арналды. Жарысқа қатысушылар да, оны көруге келген жанкүйерлер де көп болды. Осы шара аясында балалардың спорттық-жасөспірім мектептерінің жаттықтырушылары ақшалай және бағалы сыйлықтарды иеленді. Шымкент қаласындағы №39 мектептің жас футболшыларына футбол доптары мен футбол киімдері табыс етілді. Сондай-ақ жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері де сыйлықтармен марапатталды. Парламент депутаттары бұдан басқа да қоғамдағы саяси-әлеуметтік мәселелерге белсенді араласты. Оң шешімін тапқан жұмыстардың нәтижесін халық көреді деген сенімім мол.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін