Депутат Т. Өмірзақов студенттік құрылыс жасақтарын «ЭКСПО-2017» жобаларына тартуды ұсынды
ЭКСПО-2017 Қазақстанда студенттік құрылыс жасақтарын барынша жандандыруға зор мүмкіндік береді. |
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Тұрсынбек Өмірзақов мәлім етті.
Сөз арасында депутат Мемлекет басшысы айқындаған «Қазақстан-2050» стратегиясына тоқтала келе, онда жастар саясатын жаңа деңгейге көтеріп, оларға жаңа міндеттер жүктелетінін атап өтті. Сондықтан да, депутаттың айтуынша, жастарды еңбекпен қамту саясатын жаңғырту және нақты еңбек өнімділігі үшін жағдайлар жасау өзекті болып табылады.
«Кеңес Одағында еңбекті құрметтеуге тәрбиелеуде, патриотизм мәселесінде студенттік отрядтар ауқымды рөл атқарды. Бұл жастардың әлеуметтік және еңбектік бейімділігі үшін аса маңызды институт та болатын. 2000 жылы Елбасының бастамасы бойынша студенттік құрылыс отрядтары қозғалысы қайта жандана бастады. Студент жастар құрылысқа, «Жасыл ел» бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді атсалысты. Алайда, мұндай студенттік жасақтар қызметінің қамтымдылығы соншалықты емес. Көптеген өңірлерде жастар құрылыс қозғалыстары жергілікті органдардың қолдауына ие болмай, тіпті өз жұмыстарын да тоқтатты», - дейді депутат Т. Өмірзақов.
Осы ретте Қазақстанның жақын болашағына көз жүгірткен ол, алдағы уақытта индустрияландырудың жаңа кезеңі басталатынын, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы арқылы тұрғын үй құрылысы қарқын алып, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымдары да кеңейе түсетінін айтты. «ЭКСПО-2017» халықаралық деңгейдегі көрмесінің өтетініне де назар аудартты.
«Жалпы «ЭКСПО-2017» Қазақстанда құрылыс отрядтарын жандандыруға тың серпін бере алады. Сонымен қатар, бұл Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құруда маңызды қадам болар еді», - дейді Т. Өмірзақов.
Осыны айта келе, депутат елімізде студентік құрылыс жасақтары мен жастар еңбек қозғалысының рөлін арттыру қажеттігін алға тартып, оларды «ЭКСПО-2017» жобаларына, индустрияландыру бағдарламасына барынша тарту қажеттігін айтты.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін