Депутаттың айтуынша, «Ақжол» партиясының тең төрағасы 7 және 16-мамырда республикалық тәуелсіз телеарнаның эфирінде М.Тінікеевті парламенттегі орынды иемдену үшін 100 мың доллар пара берді деп айыптаған. Бұған жауап ретінде мәжіліс депутаты Б.Әбіловтан таққан айыбына бір айда дәлел келтіруді және жұртшылық алдында кешірім сұрауды талап еткен. Олай болмаған күнде сотқа шағым түсіретінін айтқан.
«Содан бері бір ай өтті, бірақ Әбілов кешірім сұрауға да, дәлел келтіруге де жарамады»,- деді М.Тінікеев. Ол енді өзінің уәдесін орындап, жалған жала жапқаны үшін Б.Әбіловты сотқа бермекші. Сондай-ақ, оған қарсы халық қалаулысының беделін түсіріп, ар-ұжданына нұқсан келтіргені үшін шағым түсірілмекші. Мәжіліс депутатының айтуынша, шағым құны 10 млн. долларды құрайды.