“Депутаттар ашулы”: Шетелдік маркетплейстер құн салығын белгіленген мөлшерден 2,5 есе аз төлеуде - kaz.caravan.kz
  • $ 518.57
  • 566.59
+17 °C
Алматы
2025 Жыл
9 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
“Депутаттар ашулы”: Шетелдік маркетплейстер құн салығын белгіленген мөлшерден 2,5 есе аз төлеуде

“Депутаттар ашулы”: Шетелдік маркетплейстер құн салығын белгіленген мөлшерден 2,5 есе аз төлеуде

Депутаттар шетелдік маркетплейстерге қатысты мәселені тағы да қозғады.

  • 4 Сәуiр
  • 4125
Фото - Caravan.kz

«Ақ жол» фракциясы шетелдік интернет-алыптарының салық салу мәселесін тағы да көтеріп отыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Мәжіліс депутаттарының пікірінше, Amazon, AliExpress, Netflix және басқа да платформалар жыл сайын елден үлкен сомадағы қаражатты шығарып, Қазақстан бюджетіне төленетін салықты бірнеше есе аз төлейді.

Бұған дейін депутаттар ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге ресми сауал жолдаған болатын. Алайда парламент мүшелері алынған жауап мардымсыз болды және оны шындықтан алшақ деп санап, ведомствоны «санмен ойнап жатыр» деп айыптады.

Министрліктің жауабына сәйкес, Қазақстан аумағында 100-ден астам шетелдік компаниялар жұмыс істейді. Олар онлайн тауарлар ұсынып, онлайн қызметтер көрсетеді. Олардың қатарында ең ірі әлемдік маркетплейстер де бар. Ресми мәліметтерге сәйкес, сол компаниялардың барлығы салық жүйесінде тіркеліп, 12 % мөлшерінде қосылған құн салығын төлейді. 2022-2024 жылдар аралығында осындай компаниялардан Қазақстан бюджетіне 83 миллиард теңгеден астам қаржы түскен.

Дегенмен, «Ақ жол» бұл соманы жеткіліксіз деп санайды. Өздерінің қайта жіберген сауалында депутаттар қазақстандықтардың шетелдік онлайн алаңдарындағы нақты сатып алу көлемдері берілген есепте көрсетілген сандарға сәйкес келмейтінін атап өтті. Мысалы, 2023 жылы ел тұрғындары шамамен 505 млрд теңге сомасына сатып алулар жасаған, ал төленген салық тек 24,3 млрд теңге болған. Бұл жалпы айналымның 5%-нан да аз, ал ҚҚС мөлшерлемесі 12% құрайды.

«Отандық кәсіпкерлердің салықтарын арттыруға дайын мемлекеттік органдар  неліктен шетелдік компаниялардың салықтан жалтаруына көз жұмып қарайды деген сұрақ туындайды. Біз үкіметтен қазақстандық кәсіпкерлер мен ұлттық мүдделерді қорғауда әлдеқайда принципті ұстанымда болуды талап етеміз», — деп атап өтті Азат Перуашев.

Сонымен қатар, фракция өкілдері шетелдік платформаларды қазақстандық өндірушілер мен жергілікті маркетплейстермен серіктесіп жұмыс істеуге міндеттеуді ұсынды. Экономика министрлігінде елдегі қолданыстағы заңнама мұндай компанияларға қатысты болмайтынын және үкіметтің оларды ынтымақтастыққа мәжбүрлеуге құқығы жоқ екенін хабарлады.


«Егер өсімге ұмтылмасақ және өз мүдделерімізді қорғамасақ ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Жатқан тастың астынан су шықпайды. Егер үкіметте мұндай мәселелермен айналысуға уақыт жоқ болса,  кәсіпкерлер мен депутаттарға осындай келіссөздерді жүргізуге өкілеттік беріңіздер. Жоғарыда айтылғандарға байланысты,  «Ақ жол» депутаттық фракциясы қойған мәселелерге қайта оралып, оларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынады», — деп түйіндеді Азат Перуашев.