Химиялық қосынды кішіге де, үлкенге де тез әсер етіп жайма-шуақ күйге бөлейтін көрінеді. Сондықтан өзара «бақыт шарлары» деп те атап жүр. Қазір оның қолданылу әдісі көрсетілген роликтер ғаламторда толып тұр. Азот тотығы арнайы капсулада болады. Құтыға шарды кигізеді де, газды сонда құяды. Қазіргі таңда еліміздегі кафе, бар мен түнгі клубтарда осындай шарлар ашықтан-ашық сатыла бастаған. Дәрігерлердің айтуынша, оған тәуелділік жүректің тоқтауына соқтырып, соңы өліммен аяқталуы мүмкін. Бірақ жеңіл ләззатқа еліткендерге химиялық қоспаны сатып, бизнеске айналдырғандарға тоқтам болмай тұр. Себебі азот тотығы елімізде тыйым салынған есірткілер санатына жатқызылмаған. Бұған дейін алкогольді сусын мен насыбайдың сатылуына қарсылық танытқан төменгі палата депутаттары енді Үкіметтен осы «бақыт шарларына» тыйым салуды сұрап отыр.
Виктор Киянский, Мәжіліс депутаты:
- Құзырлы органдар бұл қауіпті химиялық қоспа есірткінің санатына жатпайды деп бейқам отыр. Бұған тосқауыл қойып тыйым салу керек. Ұрпағымыз азып барады. Бір ғана мысал: Жапониядағы секталардың бірі өз қатарын осындай қосындыларды пайдалану арқылы көбейткен. Бізде солай болмасына кім кепіл? Ертерек қимылдамасақ болмайды.