Депутаттар Каспийде жүргізілетін экологиялық мониторингке алаңдаулы - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Депутаттар Каспийде жүргізілетін экологиялық мониторингке алаңдаулы

Депутаттар Каспийде жүргізілетін экологиялық мониторингке алаңдаулы

Депутаттар Каспийде жүргізілетін экологиялық мониторингке алаңдаулы. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Ерлан Нығматулин осылай мәлім етті. Аталған сауалға 10 депутат қол қойған.

  • 9 Маусым 2011
  • 510
Фото - Caravan.kz

Депутаттың айтуынша, сауал жасауға Каспийде жүргізілетін экологиялық мониторингке қатысты қалыптасқан ахуал негіз болған. «Қазіргі уақытта Каспий теңізі түрлі мемлекеттердің, ведомстволардың және өнеркәсіп салаларының мүдделері тоғысқан орын болып табылады. Мұнай операцияларының қарқынды жүргізілуі және мемлекеттік мониторинг қызметінің материалдық-техникалық тұрғыдан жеткілікті деңгейде жарақтандырылмауы экологиялық мониторинг бойынша жұмыстар жүргізетін көптеген жеке компаниялардың пайда болуына алып келді. Мысалы, 2007-2009 жылдары Маңғыстау облысының акваториясында бір мезгілде мұнай компаниялары үшін жұмыстар жүргізетін жеке компания мемлекеттік экологиялық теңіз мониторингін жүзеге асырды. Бұл ретте компанияның корпоративтік мүддесі мемлекеттік мүддеден жоғары қойылатынын жоққа шығаруға болмайтыны түсінікті жағдай», — дедің өз сауалында депутат Е. Нығматулин.

Оның айтуынша, мониторинг жүргізетін мемлекеттік қызметтерді тиісінше материалдық-техникалық жарақтандыру процесі белгілі бір уақытты қажет ететіні сөзсіз. Осыған орай, депутаттар осындай мониторинг элементтерінің бірін қазірдің өзінде енгізу қажеттігін алға тартады. «Қазіргі уақытта Каспий теңізінің қазақстандық секторында экологиялық қорғау объектісі — Каспий теңізінің биоресурстары экологиялық мониторингтің бақылауынан тыс қалып отыр. Ал бағалы балықтар мен итбалықтардың жай-күйі мен сандық қоры мұнай операцияларының экологиялық қауіпсіздігінің басты көрсеткіші және индикаторы болып табылады. Біздің ойымызша, мониторингтің осындай маңызды элементі болмаса, экологиялық мониторингті кімнің жүргізетініне қарамастан, оның халықаралық стандарттарға сай келмейтіні белгілі. Мониторингтің дәл осы элементін мемлекеттің жүргізуінің маңызы аса зор, өйткені оның нәтижелері бойынша экологиялық мониторингтің барлық басқа элементтерінің сапасы туралы айтуға болады», — дейді депутат.

Осыған байланысты депутат Каспий теңізінде экологиялық мониторингті толыққанды жүргізу үшін арнайы шаралар қамтудың қажеттігін алға тартады.

Соңғы жаңалықтар