Депутаттар ЖИ кесірінен жұмыссыздық пен алаяқтыққа тап боламыз деп алаңдаулы  - kaz.caravan.kz
  • $ 514.94
  • 583.74
+15 °C
Алматы
2025 Жыл
12 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Депутаттар ЖИ кесірінен жұмыссыздық пен алаяқтыққа тап боламыз деп алаңдаулы 

Депутаттар ЖИ кесірінен жұмыссыздық пен алаяқтыққа тап боламыз деп алаңдаулы 

Сондай-ақ ЖИ арқылы музыка және басқа да контент жасаушылар көбейген.

  • 4 Наурыз
  • 10
Фото: оverclockers.ru

Жұмыссыздық, алаяқтық, сауатсыздық… Депутаттар Қазақстанды жасанды интеллект жауласа, осы мәселелерге тап боламыз ба деп алаңдауда. Мәжіліс депутаттары жасанды интеллектінің тағдырын заң нормасымен реттеуді ұсынды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Цифрландырудың екінші жағы — қызмет алу жеңілдеді, экономика, оның ішінде онлайн бизнес дамып, уақыт үнемдеуге жаңа мүмкіндік туды. Қысқасы ол еліміздегі әр салаға түрліше әсер етуде. Бүгін осы «Жасанды интеллект туралы» Мәжілісте Заң жобасының таныстырылымы өтті. Құжатта оны дамыту мен реттеу жолдары қамтылған.

Заңға Мәжілістегі бір топ депутат бастамашы болған. Құжат 7 тарау, 28 баптан тұрады. Жасанды интеллектінің алдағы тағдыры осы нормалармен реттелеуі мүмкін. Мүмкін деуіміз бекер емес. Алғашқы таныстырылымның өзінде оған енгізейік, ескерейік деп ұсыныс айтқандар көп болды. Мәселен Елнұр Бейсембаев жасанды интеллект алдағы уақытта кей қазақстандықтарды жұмыссыз қалдыра ма деп алаңдаулы.

«Шын мәнінде жұмыссыздық деңгейі Қазақстан бойынша 12-13%. Бұл 1 миллионға жуық адам. Егер ЖИ кей саланы алмастырса, жағдай одан әрі ушығады. Сондықтан заң жобасында осыны да қарастыру керек. Сарапшылардың бағалауынша жасанды интеллект дүниежүзі бойынша 90 миллион адамның жұмыс орнын алмастырады», деді , ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсембаев

Шынында қазір бұрынғыдай жол торыған патрульдік полиция қызметкерлерін жолықтырмаймыз. Олардың бірқатар міндетін бүгінде ақылды камералар еркін атқарады. Жүрер бағытыңызда кептелістің бар-жоғын да тап сол жасанды интеллект телефоныңыздан көрсетіп отырады. Бұл артықшылық әрине. Оның көмегіне медицина да жүгіне бастады. Әсіресе Еуропа елдері белсенді қолдануда. Тіпті қатерлі ісікті 95% дәл анықтаған жағдайлар болыпты. Егер оның ұсынысымен емделген науқас көз жұмса, дәрігер жауапқа тартыла ма деген сұрақ туындайды. Жасанды интеллект ақпаратты өңдеу, тапсырмаларды шешу қабілетімен де қазір жоғары сұранысқа ие.

«Мұның бәрі миымыздың шектеуіне, оның ойланбауына алып келетін секілді. Қазірдің өзінде мектеп оқушылары арасында ешқандай тапсырманы орындамай, Chat GPT-ге салып, тапсырманың барлығы осы екен деп отыра береді. Мектеп жасындағы балаларға қандай да бір шектеу қойылуы керек»,  дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев. 

Сондай-ақ ЖИ арқылы музыка және басқа да контент жасаушылар көбейген. Мұндайда авторлық құқық мәселесі қалай реттеледі?

«Адам өзі ойланып жазбаса, композитор музыкасын ойлап шығармаса, бұл не заман болып барады? Мен қорқамын. Өткенде бір шенеунік ChatGPT-ге өзінің материалдарын салып отыр. Мақсаты бастығы тезірек басынан сипаса екен. Ал ChatGPT аржағында бенефециары кім? Ол материалдарды жинап, ертең өзімізге қарсы пайдаланбайтынына кім кепіл?»,   дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутатыАнас Баққожаев. 

Тағы бір мәселе – алаяқтар. Қазір олар қажетті мәліметті кез келген адамның дауысымен жібере алады. Осылай технологиялық игілікті теріс мақсатта пайдалануда. Қазірдің өзінде заң жобасының жұмыс тобына 150 адам еніпті. Осы құрам жасанды интеллектінің қоғамға тигізер әсерін жан-жақты зерттеп, оны дамыту мен реттеу арасындағы тепе-теңдікті табуға ниетті.