Депутаттар зияткерлік меншік мәселелеріне қатысты заң жобасын талқыға салды - kaz.caravan.kz
  • $ 444.32
  • 473.33
+12 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Депутаттар зияткерлік меншік мәселелеріне қатысты заң жобасын талқыға салды

Депутаттар зияткерлік меншік мәселелеріне қатысты заң жобасын талқыға салды

Бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашевтың жетекшілігімен осы комитеттің кеңейтілген отырысы өтті.

  • 14 Маусым 2011
  • 371
Фото - Caravan.kz

Бүгінгі басқосуда бірқатар заң жобалары талқыға салынды. Соның ішінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қарады.

Кіріспе сөзінде Рахмет Мұқашев аталған заң жобасының маңыздылығына тоқталды және отырысқа келген министрлік өкілдерін таныстырды.

Жұмыс тобының жетекшісі Зағипа Бәлиева аталған заң жобасы Мәжіліске 2011 жылы 24 қаңтарда келіп түскенін хабарлады. Депутат заң жобасында Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі, «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы», «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы», «Патент заңы», «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы», «Интегралдық микросхемалар топологияларын құқықтық қорғау туралы», «Мәдениет туралы» заңдары сияқты зияткерлік меншік құқығы мәселелерін реттейтін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отырғанын айтты.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне енгізіліп отырған өзгерістер әр түрлі тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді дараландыру құралдарының тіркеу басымдығын заңнамалық деңгейде реттеуге бағытталған, өйткені қазіргі таңда бір-біріне ұқсас немесе араласып кеткен дәрежеге дейін бірдей тауар таңбалары мен фирмалық атауларды тіркеу барысында мәселелер туындайды. Бұдан басқа, заң жобасына сәйкес кез келген мүдделі тұлға уәкілетті органға тауар таңбаларын пайдаланылмауына байланысты оны жарамсыз деп тану туралы қарсылық беруге құқылы болып табылатын тауар таңбаларын пайдаланбау мәселелері бойынша заңнамалық актілердің нормаларын бірдей қолдану көзделіп отыр.

Заң жобасы жөнінде осы отырыста Әділет министрінің орынбасары Әмірхан Аманбаев баяндама жасап, депутаттардың сұрақтарына жауап берді.

Заң жобасында көзделген өзге де заңнамалық актілерге түзетулер ішкі қарама-қайшылықтарды жоюға, патенттік сенім білдірілген өкілдердің мәртебесін заңнамалық тұрғыдан бекітуге, сондай-ақ өнеркәсіптік меншік объектілеріне өтінімдерді қарау мерзімдерін қысқартуға бағытталған.

Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруі шарттарының бірі ұлттық заңнаманың нормаларын ДСҰ шеңберінде жасалған Зияткерлік меншіктің сауда аспектілері бойынша келісімнің талаптарына сәйкес келтіру болып табылады.

Осыған байланысты «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңға енгізіліп отырған өзгерістер мен толықтырулар тауар таңбалары мен географиялық көрсеткіштерді тіркеу басымдығын реттейтін нормаларды жетілдіруге және заңнаманы халықаралық құқық нормаларымен үйлестіруге бағытталған.

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті бұл заң жобасын Парламент Мәжілісінің қарауына енгізеді.

Соңғы жаңалықтар