Мәжіліс аппаратының жетекшісі Нұрлан Рахымжановтың пікірінше, «депутаттық сауалдар дегеніміз өкілетті биліктің құзыретін жүзеге асыратын және депутаттарды сайлаушылармен байланыстыратын маңызды тетік болып қана қоймай, сонымен бірге маңызды қоғамдық-саяси құбылысқа, заң шығару жұмысындағы баға жеткісіз сүйенішке айналды». «Демек, депутаттық сауалдартың тақырыбы парламенттік процедура аясынан шығып, көп жағдайда жалпымемлекеттік маңызға ие бола бастады»,- дейді мәжіліс аппаратының жетекшісі.
Бірінші шақырылған мәжілістің жұмысы барысында жоғарғы мемлекеттік инстанцияларға 188 сауал жолданса, екінші шақырылым депутаттары 2349 сауалдың авторы болған. Бұл алдыңғы көрсеткіштен 12 есе артық.
Алайда, депутаттардың айтуынша, халық қалаулылары бәз-баяғыдай үкімет тарапынан формализм мен селқостыққа тап келіп, депутаттық сауалдарды заңды мерзімде қарамау бұрынғыдай белең алып отыр.
Осындай жағдайда депутаттық сауалға байланысты барлық жұмыстар кешенін жан-жақты жетілдірудің өзектілігі арта түсуде, дейді мәжіліс депутаттары.
Халықаралық семинар ҚР парламентінің мәжілісі аппараты мен РФ Мемлекеттік думасы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы келісім аясында ұйымдастырылды.