Кең байтақ даласы бар Қазақстан – Орталық Азияда спутниктік технологияларды дамытудан алда келе жатқан ел. Елдің жалпы аумағы 2,7 миллион шаршы шақырымды құрайды. Алайда халықтың көпшілік бөлігі ауылдық жерлерде тұрады. Сәйкесінше, дәстүрлі байланыс инфрақұрылымын тарту қиын. Ал спутниктер шалғай аймақтарды интернетпен, телехабармен және ұялы байланыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы ретте Қазақстанның ғарыштық мүмкіндігі аймақ тағдырын қалай өзгертіп жатқаны қызық. Сарапшылардың пікірі халықаралық зерттеуде мәлім болды. Сaravan.kz медиа порталы жалғастырады.
Қазақстанның алғашқы ұлттық байланыс спутнигі KazSat-1 2006 жылы ұшырылғанымен, техникалық ақауларға байланысты мерзімінен бұрын істен шықты. Бірақ ел бұдан сабақ алып, 2011 жылы KazSat-2, ал 2014 жылы KazSat-3 спутниктерін сәтті іске қосты. Бұл аппараттар Ресей мен Италия мамандарымен бірлесіп жасалып, Қазақстан, Орталық Азия және Ресейдің бір бөлігін байланыспен қамтамасыз етіп отыр. KazSat-2-де 20, ал KazSat-3-те 28 байланыс арнасы бар.
KazSat-2 спутнигінің арқасында Қазақстан шетелдік байланыс арналарын жалдау шығынын жылына 10 миллион доллардан 2 миллион долларға дейін қысқартты, ал KazSat-3 бұл шығынды толығымен жойды. Бұл тек экономикалық тиімділік емес, елдің байланыс жүйелерін өз бақылауында ұстау арқылы егемендігін нығайту деген сөз.
Қазақстан спутниктік технологияларды тек байланыс үшін ғана емес, қауіпсіздік пен экологияны бақылау үшін де белсенді қолданып отыр. 2014 жылы ұшырылған KazEOSat-1 және KazEOSat-2 спутниктері шекараны қорғау, заңсыз әрекеттерді анықтау және табиғи ресурстарды бақылау үшін пайдаланылады. KazEOSat-1 1 метрлік жоғары рұқсатқа ие, бұл көлік сияқты объектілерді нақты көруге мүмкіндік береді. 2020 жылы осы спутник арқылы шекараны заңсыз кесіп өту бойынша 150 оқиға тіркелген, бұл жердегі бақылаумен салыстырғанда 30% артық.
Экологиялық мәселелерді шешуде де спутниктердің пайдасы мол. Қазақстанның KazEOSat-2 спутнигі егістік жерлердің жағдайын бақылап, ауыл шаруашылығын жоспарлауға көмектеседі. Ауылдық аймақтарға спутниктік интернет жүргізу фермерлерге нарықтағы баға мен ауа райы туралы жедел ақпарат беріп, олардың табысын 10–15%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
KazSat-2 электронды үкімет жүйесінің жұмысын да қамтамасыз етіп отыр. 2023 жылы спутник арқылы 15 миллион мемлекеттік транзакция орындалған. Сонымен қатар, елде ғарыштық индустрияны дамыту үшін Астанада спутник құрастыру және сынақ орталығы салынған. Бұл орталық 200-ден астам маманды дайындап, 500 жұмыс орнын ашты.
Орталық Азияның басқа елдері бұл салада әлі жолдың басында тұр. Бірақ олар да өз бағдарламаларын жасап жатыр.
Өзбекстан 2023 жылы халықаралық серіктестермен бірге алғашқы байланыс спутнигін жасау жоспарын жариялады. Әзірге нақты мерзім мен қаржылық мәліметтер айтылмаған. Дегенмен ел спутниктерді ауыл шаруашылығы мен экологияда қолданып келеді. 2022 жылы Eutelsat спутниктері арқылы Амудария бассейніндегі су көлемінің 20%-ға қысқарғаны анықталып, ирригациялық жүйелер қайта қаралды.
Түрікменстан 2015 жылы Thales Alenia Space компаниясы жасаған TürkmenÄlem 52°E спутнигін ұшырды. Бағасы шамамен 200 миллион доллар тұратын бұл аппарат ел ішін және көршілес мемлекеттерді байланыспен, телехабармен қамтамасыз етеді.
Қырғызстан мен Тәжікстан әзірге өз спутниктеріне ие емес. Бірақ олар Intelsat пен Eutelsat сияқты халықаралық операторлардың қызметін пайдаланып отыр. Мысалы, Қырғызстан 2022 жылы спутниктік арналарды жалдауға 5 миллион доллар жұмсаған. Бұл өз спутнигін жасау орта және ұзақ мерзімде тиімді екенін көрсетеді.
Тәжікстанда интернетке қолжетімділік 30%-дан аспайды. Алайда спутниктік жүйелер 500 мың оқушыны онлайн біліммен қамтуға мүмкіндік береді. Қырғызстанда спутниктік телехабар тарату ел аумағының 95%-ын қамтиды. Бұл шалғай ауылдарда тұратын халықтың ақпаратқа қол жеткізуіне, мәдени бірігу мен цифрлық сауаттылықты арттыруға жол ашады.
Бірақ бұл салада ортақ қиындықтар бар. Спутник жасау мен ұшыру – өте қымбат процесс. Қазақстанның 2023 жылғы ғарыш бағдарламасының бюджеті 200 миллион доллар болса, Тәжікстанның жалпы ішкі өнімі бар болғаны 10 миллиард доллар шамасында. Сондықтан бұл елдер үшін аймақтық ынтымақтастық пен халықаралық қолдау өте маңызды.
Мысалы, Дүниежүзілік банк қолдайтын Digital CASA бастамасы аймақ елдеріне цифрлық инфрақұрылымды, соның ішінде спутниктік жүйелерді дамытуға көмектеседі.
Болашақта спутниктік технологиялардың дамуы жаһандық үрдістермен тікелей байланысты. McKinsey деректеріне сүйенсек, 2024 жылы ғарыш индустриясының көлемі 630 миллиард долларға жеткен, оның ішінде спутниктерге 4,23 миллиард доллар тиесілі. 3D-басып шығару мен қайта пайдаланылатын зымырандар аппарат құнын азайтса, Starlink пен OneWeb сияқты платформалар жоғары жылдамдықты интернеттің жаңа мүмкіндіктерін көрсетіп отыр.
Орталық Азия елдері осы жетістіктерді өз жағдайына бейімдеп, шағын және микроспутниктер жасап, тиімді әрі арзан шешімдерге жүгінуге тырысуы мүмкін.
Қорыта айтқанда, спутниктер Орталық Азия үшін жай технология емес. Егемендікті нығайтудың, экономиканы дамытудың және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің құралы. Қазақстан бұл жолда үлкен қадамдар жасады. Өзбекстан мен Түрікменстан алғашқы жетістіктерге қол жеткізуде. Қырғызстан мен Тәжікстан болса шектеулі ресурстарға қарамастан, халықаралық қолдаудың арқасында бұл саладан тыс қалмауға тырысып жатыр. Спутниктік жүйелердің тиімділігі – жалдау шығынын қысқартудан бастап, табиғатты қорғау мен қауіпсіздікке дейін – бұл саланы бүкіл аймақ үшін стратегиялық маңызды етеді. Цифрлық дәуір мен климаттық қауіптер кезеңінде спутниктік даму – енді артықшылық емес, қажеттілік.