Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қазақстанда алғаш рет 28-29 қыркүйек күндері Ақтөбе облысында «Туған жер» республикалық форумы өтеді, деп хабарлайды Вnews.kz.
«Ақтөбе ақпарат» орталығында форум делегаттарының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Оған филология ғылымдарының кандидаты Ардақ Жұбанова, атақты жазушы, 50-ден аса кітаптың авторы Рауль Мир-Хайдаров, көз дәрігері, «Көз микрохирургиясы» ЖШС Мәдина Құралова қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев журналистерге ауқымды шараның негізгі мақсаты мен оның қатысушылары туралы айтып берді. Туған жерге деген патриотизм мен сүйіспеншілікті қалыптастыру, өлкенің белгілі бір жетістіктерге жеткен тумаларын туған жердің әлеуметтік-экономикалық дамуына тарту мақсатында өткізіліп жатқан форумға әлемнің 20 елінен келетін атақты ақтөбеліктер қатысады.
— Өздерінің қатысатындықтарын 300-ге жуық адам растады, олардың арасында бизнес, мәдениет, білім, спорт, денсаулық сақтау салаларының өкілдері бар. Өңірдің барлық саладағы даму әлеуетін ашу мақсатында «Ақтөбе-құтты мекен» фильмі дайындалды. «Жүз жаңа есім» жобасы аясында Ақтөбе облысының энциклопедиясы, сонымен қатар, өңір туралы имидждік журнал шығарылатын болады,-деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ, жерлестерді бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі және мемлекеттік-жеке серіктестік аясында жүзеге асырылған жобалармен таныстырады. Олардың қатарында «Олимп» хоккей модулі, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, «Жұбановтар әлемі» өнер орталығы, жекпе жек сарайы, мұз сарайы, неке қию сарайы, «Мейірім» әлеуметтік бейімдеу орталығы мен тағы басқалар бар.
МЖС механизмі облыс аудандарында да белсенді қолданылып жатыр. Бүгінде өңірде жалпы құны 1,4 млрд. теңге болатын 20 ауылдық дәрігерлік амбулатория салынуда. 15 балабақша ашылып, 50 балабақшаны жыл соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл балалардың 95 пайызын мектепке дейінгі біліммен қамтуға және облыстың барлық аудандарында балабақшадағы орын тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, өңір «Туған жерге тағзым» акциясын жүзеге асыруда көшбасында тұрғандардың бірі. Биыл облыста құны 1,3 млрд теңгеден асатын 379 жоба жүзеге асырылды. Жалпы, биылға құны 2,8 млрд теңге болатын 555 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Демеушілік қаражатқа әлеуметтік нысандардың құрылысы, қалпына келтіру және заманауи құрал-жабдықтармен жарақтау, елді мекендерді абаттандыру, жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, өңір халқының маңызды деген мәселелері шешілуде.
Форум аясында жаңа әлеуметтік-мәдени нысандар ашылып, 75 млрд. теңгеден астам соманың он меморандумына қол қойылады, «Ақтөбе – бүгін, кеше, ертең» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді, ал Қобыланды батыр атындағы стадионда 4500 көрерменнің қатысуымен театрландырылған көрініс қойылады, деп күтілуде.
Өз кезегінде форум делегаттары шеберлік сабақтарына, семинарларға, тренингтерге қатысып, өздерінің тәжірибелерімен және білімдерімен бөліседі. Мәселен, атақты дәрігерлер бірқатар қиын хирургиялық оталар жасайды.
Қонақтар облыс басшылығына ірі ауқымды шараны ұйымдастырып, шақырғандары үшін алғыстарын білдірді. Филология ғылымдарының кандидаты Ардақ Жұбанова «Жұбановтар әлемі» өнер орталығының құрылысы үшін ризашылығын білдіріп, оның жұмысына, сонымен қатар, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге жан-жақты қолдау көрсететініне уәде берді.
— Осы жерде дүниеге келген кісілердің басын қосу – үлкен іс. Әрқайсысымыз еліміздің, туған жеріміздің гүлденгенін көріп қуанамыз және әрі қарай дамуы үшін одан да көбірек көңіл бөлгіміз келеді, — деді Ардақ Жұбанова.
Баспасөз мәслихаты кезінде форумға атақты әнші, Ақтөбе облысының тумасы Димаш Құдайбергенннің қатысатындығы айтылды.