Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы хабарлайды.
АҚШ елінде Димаштың концертін тамашалаған белгілі тележүргізуші Дана Нұржігіт былай деп жазды:
"Сағат таңғы 08:00.
АҚШ, Нью-Йорк қаласы.
Осылайша Димаштың Америкадағы концерті аяқталды.
Ал мен бүгін ұйқыдан мүлдем басқа адам болып ояндым. Өмірімде бірінші рет мен өзімнің Қазақ деген халықтың қызы екендігімді мақтан тұтып, кеудем тола қуанышпен ояндым. Жүрегім "мен қазақпын!" деп дүрсілдеп оянды.
Бірақ та, осы сезіммен әлемнің ең алып, ең керемет қалаларының бірінде бола отырып, бүгін өз елімді қатты сағындым.
Шынымды айтсам, осыған дейін жер көлемі бойынша 9-шы орындағы, жер асты пайдалы қазбаларға өте бай, тарихы да, тағылымы да мол болса-дағы менің осындай елімді ешкім білмейтінінен, менде азырақ болса да өзімді кемшін ұлттың қызындай төмен сезіну, өз-өзіме сенбеудің бір түрі бар еді, оны жасырып қайтем?
Мен осы ұлттың өскелең ұрпағы екендігіме ұялатынмын да.
Бізді мейлі, ересектеріміздің өзі бұрынғы халық әндерін білмейтіні және тыңдамайтыны үшін мен бүгін бірінші рет қатты ұялдым. Үлкендерге керек емес дүние, бізге не үшін керек дейтінбіз. Бекер екенін сезіндім…
Кеше түнде біз, қазақтардың өздері қазақтың ұлттық құндылықтарын қаншалықты бағаламайтынымызды анық түсіндім. Жүрегім ауырды… Жыладым….
Кеше осынау алып ел — Америкада 15 мыңнан астам адам Димашпен бірге халық әні Дайдидауды қосыла шырқаған кезде… мен жүрегім жарыла жыладым!
Концерт аяқталғаннан кейін, артыма қарасам, әрбір үшінші қонақтың қолында менің елімнің көк туы желбіреп кетіп барады.
Қандай мақтаныш десеңізші?! Бұл кеште маған тіпті туымның түсі де мүлдем басқаша ыстық қабылданды.
Нью-Йоркте көргенімдерімнің бәрін тілмен айтып жеткізе алмаймын! Димаш менің ойымды түбегейлі өзгертті. Менің рухымды оятты. Тұңғыш рет ҚАЗАҚ екеніме қатты қуандым. Концерттен кейін, Димаш өзінің дәл осыны бала кезінен армандағанын айтты. Америка туралы емес, Америкада ән салуды да емес, Америкаға тіпті бүкіл әлемге өзімен қосылып қазақтың халық әндерін жатқа айтқызсам деп армандағанын айтты. Және ол мұны жасады.
Кешегі "Barclays Arena"-да болған оқиға біздің тарихымызда қалады. Мен оған сенемін.
Қазақстандық жас әнші әлем жұлдыздары жиналған аудиторияны жинап, американдық мыңдаған көрерменді қазақтың халық әндерін шырқатып, домбыраның үніне жылатты.
Жаса, ДИМАШ!
Жаса, ҚАЗАҚ ЕЛІ!