Димаш Құдайбергеннің Мәскеуде өткен жеке концерті телеарналардан мамыр айында көрсетіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Әншінің Мәскеуде өткен концерті ұлттық арнаның эфирінен мамыр айында көре аласыздар. Алдын ала ресейлік әріптестерімізбен келістік. Димаштың концерті бір уақытта Қазақстан мен Ресейдің телеарналарынан көрсетіледі", — деді Qazaqstan телерадиокорпорациясының төрағасы Ерлан Қарин орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Димаш Құдайбергеннің Мәскеудегі D-Dynasty концерті Игорь Крутойдың продюсерлік орталығының қолдауымен өтті. Кремль сахнасындағы Димаштың алғашқы жеке концертіне 56 елден фанаттар келді.
2018 жылдың желтоқсан айында әнші Кремль сарайының сахнасында өнер көрсететінін хабарлаған еді. Әуелі Димаш бір концерт беруі тиіс еді, бірақ билеттер жылдам сатылып кетіп, ресейлік тараптың өтінішімен қазақстандық әнші келесі күні де сахнаға шығуға келісім берген болатын.
Естеріңізге сала кетейік, Димаш Құдайбергеннің астананың туған күніне орайластырылған "Арнау" концерті "Астана-Арена" стадионында 29 маусымда өтеді. Белгілі болғандай, қазіргі уақытта билеттердің жартысынан көбі сатылып кеткен.